ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ ЕЛ ҚОРЖЫНЫН ЕСЕЛЕЙ ТҮСТІ

Тағы да жағымды жаңалықпен бөліскенді жөн санадық. Елімізде өтіп жатқан қысқы Универсиада ойындарына фристайл-акробатика бойынша қыздар арасындағы бәсеке өз мәресіне жетті. Аталмыш сынға қатысқан Жібек Арапбаева күміс жүлдеге қол жеткізсе, Жанбота Алдабергенова қола жүлдені қанағат тұтты. Ал, алтын медальді қытайлық спортшы иеленді. Ел қоржынын еселей түскен Жібек пен Жанбота да Оңтүстік Қазақстан облысының тумалары екенін айта кеткен жөн.

«Өскен өңір» ақпарат.

2017 жылы БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алу тәртібі мен мөлшері туралы

         «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасында азаматтарды зейнетақымен қамсыздандырудың құқықтық және әлеуметтiк негiздерiн айқындайды, азаматтардың зейнетақымен қамсыздандырылуға конституциялық құқығын iске асыруға мемлекеттiк органдардың, жеке және заңды тұлғалардың қатысуын регламенттейді.

БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары болған кезде белгіленген кесте бойынша міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдеріне:

- 63 жасқа толған ерлердің, 58 жасқа толған әйелдердің (2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – 58,5 жасқа толған, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59 жасқа толған, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59,5 жасқа толған, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60 жасқа толған, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60,5 жасқа толған, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61 жасқа толған, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61,5 жасқа толған, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62 жасқа толған, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62,5 жасқа толған, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – 63 жасқа толған әйелдердің);

- егер мүгедектiгi мерзiмсiз болып белгiленсе, бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектердің құқығы бар.

Жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына толған кезде немесе бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген кезде зейнетақы төлемдерін алушы кесте бойынша МЗЖ және МКЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтінішті ресімдеу үшін жақын маңда орналасқан БЖЗҚ кеңсесіне баруы керек. Өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасын және зейнетақы жинақтарын аудару үшін алушының банк шоты туралы мәліметтерді алып келеді. Сондай-ақ алушы зейнетақы төлемдерін ресімдеу үшін сенім білдірілген тұлға немесе пошта байланысы арқылы құжаттарды тапсыра алады.

Құжаттар тапсырылғаннан кейін, олар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келген жағдайда БЖЗҚ он жұмыс күні ішінде зейнетақы төлемдерін жүзеге асырады. Төлем кезеңділігін – жылына бір рет, тоқсанына бір рет немесе ай сайын – алушы өзі белгілейді.  

Кесте бойынша МЗЖ және МКЗЖ есебінен құралатын зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің2013 жылғы 02 қазандағы№1042 хаттамасымен бекітілген, 27.12.2016 жылғы редакциядағы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидаларына сәйкес есептеледі және:

1) республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен зейнетақының отыз еселенген мөлшерінен аспайды (2017 жылы «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының заңында ең төменгі зейнетақы мөлшері28 148 теңгеге дейін көбейтілді) және 844 440 теңгені құрайды (30*28 148);

2) зейнетақы жинақтары сомасының Қазақстан Республикасы Үкіметінің2013 жылғы 02 қазандағы№1042 хаттамасымен бекітілген, 27.12.2016 жылғы редакциядағы Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне сәйкес алушының тиісті жасындағы зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициентіне көбейтіндісі ретінде есептелген неғұрлым жоғары шамасынан аспайды. Зейнетақы жинақтарының сомасы 63 жастағы алушы – ерлерде 8,067 млн. теңге және одан артық болған, ал 58 жастағы алушы – әйелдерде 8,963 млн. теңге және одан артық болған жағдайда осы есеп қолданылады. 

Зейнетақы жинақтарының сомасы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен зейнетақының отыз еселенген мөлшерінен аз болса (2017 жылы - 844 440,00 тг.), алушы зейнетақы жинақтарының барлық сомасын ала алады.

Төлем жасалғаннан кейін жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығы ең төмен зейнетақы мөлшерінен аз соманы құраса (2017 жылы – 28 148,00 тг.), бұл қалдық төлем сомасымен бірге төленеді.

БЖЗҚ белгіленген кесте бойынша зейнетақы төлемдерінің жылдық мөлшерін жыл сайын өз бетінше Қағида ережелерін ескере отырып, қайта есептейді.

Зейнетақы жинақтарын аудару, есептеу мен төлеуге байланысты банк қызметтерінің ақысы БЖЗҚ-ның меншікті қаражаты есебінен жүргізіледі, бұған оларды айырбастау және шетелдік банктерде ашылған алушылардың банк шоттарына есептеу қызметтері қосылмайды.

БЖЗҚ өтініште көрсетілген алушының банк шотына зейнетақы төлемдерін:

  1. Қазақстан Республикасының аумағындағы екінші деңгейдегі банктерде/банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банк шоттарына аудару кезінде тек ұлттық валютамен;
  2. Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлердегі шетел банктерінде ашылған банк шоттарына аудару кезінде АҚШ долларымен, еуромен, фунт стерлингпен немесе ресей рублімен аударады.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді.

Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін жүргізуді, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

                                                                                      

«БЖЗҚ» АҚ Баспасөз орталығы

БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz

Ақпараттық хабарлама!

2017 жылғы 1 қаңтардағы зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы хабарлау

«БЖЗҚ» АҚ 2016 жыл үшін салымшыларға (алушыларға) жыл сайынғы міндетті хабарлау науқанына дайындықты бастады. Жеке зейнетақы шотының (ЖЗШ) жай-күйі туралы ақпарат ақысыз негізде берілетінін, ал ақпарат алу тәсілін салымшының (алушының) өзі белгілейтінін естеріңізге сала кетейік.   

2,6 миллионға жуық адам интернет байланысы (сайт арқылы немесе ENPF ұялы қосымша) арқылы өткен жылға үзінді көшірме ала алады. 2 миллионға жуық салымшы (алушы) пошта байланысы арқылы, оның ішінде 206 349 адам электрондық мекенжайына  үзінді көшірме алады. Сонымен қатар әрбір салымшының (алушының) өз зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты БЖЗҚ-ға өзі барып, өтініш жасай отырып алуына болады.

Үзінді көшірмелер ЖЗШ ашу туралы өтініште, зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта немесе хабарлау тәсілін өзгерту/анықтау туралы қосымша келісімде салымшы (алушы) көрсеткен мекенжайларға, оның ішінде электрондық мекенжайларға жіберілетінін айта кетейік.

Егер салымшы (алушы) тұрғылықты жерін ауыстырса және өткен жылдың 31 желтоқсанына дейін бұл туралы Қорға хабарламаса, онда пошта арқылы жіберілген 2016 жылға арналған үзінді көшірмесі БЖЗҚ-ға қайтарылады. Мұндай жағдайда БЖЗҚ қолданыстағы зейнетақы заңнамасына сәйкес келесі жылға үзінді көшірмені жібермеуге құқылы болады.   

Салымшының (алушының) Қордың міндеттемелерін орындауына әсер ететін барлық өзгерістер туралы осындай өзгерістер болған күнінен бастап он күнтізбелік күн ішінде белгіленген тәртіппен БЖЗҚ-ға хабарлауға міндетті екенін естеріңізге сала кетейік («Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 39-бабының 4-тармағының 1-тармақшасы). Егер тиісті хабарлау тәсілі таңдап алынған болса, оған электрондық және пошталық мекенжайлардың өзгеруі жатады.

Егер ағымдағы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша салымшының (алушының) ЖЗШ-сында қаражаты жоқ болса немесе ол хабарлау тәсілін таңдамаған болса, БЖЗҚ оған  өткен жыл үшін зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат жібермейді. Бүгінгі күні 1,6 миллионға жуық салымшы (алушы) хабарлау тәсілін белгілемегендіктен үзінді көшірме алмайды.

БЖЗҚ мамандары салымшыларға өздерінің дербес деректерін өзектендіру және/немесе жаңа хабарлау тәсілін таңдау үшін Қордың дербес қызмет көрсету орталықтарына барып өтініш білдіруге кеңес береді.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді.

Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін жүргізуді, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

                                           

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz

ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУ ЖАЛҒАСА БЕРЕДІ

Қаңтар айының 20 жұлдызында аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев Тартоғай, Майлытоғай, Сұлутөбе ауылдық округтерінде болып, есеп беру кездесулерін өткізді. Бұл күнгі жиындарға Қызылорда облысы бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы Т.Жолымбетов қатысты.

Елбасының Жарлығы бойынша халық алдында атқарылған жұмыстардың есебін беру қалыптасқан үрдіске айналған. Алдымен, Тартоғай ауылынан бастау алған жиында мінберге бірінші болып учаскелік полиция инспекторы Б.Аманжолов көтеріліп, елді мекендегі тәртіптік ахуалды сөз етті. Полиция инспекторының сөзіне сүйенсек, өткен жылы Тартоғайда 5 қылмыстық дерек орын алған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, жыл санап қылмыстық деректер азайып келеді екен. Өткен жылы тіркелген 5 қылмыстың 4-і ашылған. Ауыл әкімі Д.Сүйіндік хабарлама жасағанда Тартоғайда кәсіпкерліктің қанат жая бастағанын аңғардық. Ауыл әкімінің сөзін негізге алсақ, 2015 жылы елді мекенде 10 кәсіпкер болған-ды. Нарықтық заманда кәсіпкерлікке ден қоймаса, тағы болмайды. Қазір халық жаңа іс бастап, кәсіп ашса өзін ғана емес, тағы да бірнеше адамды жұмыспен қамтиды. Бір жағынан жұмыссыздардың саны азаяды. Екінші жағынан табыстың көзі көбейеді. Ауылда тұр, қалада жүр бәрібір кәсіп ашсаң осы бастаманы негіз етіп жұмыс жасайсың. Оның үстіне мемлекет кәсіпкерлікке қолдау көрсетуде.Осындай түсіндірме жұмыстарының арқасында былтырғы жылы кәсіпкерлер саны 29-ға жеткен. Тіпті, аяқсу мәселесі шешімін тауып Р-7 каналы тазаланып, қазылды. Жұмыссыздықты шешу үшін бірқатар шаралар атқарылып 38 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Осы негізде хабарлама жасаған ауыл әкімі бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да атқарыла беретінін жеткізді. Сонан соң мінберге аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев көтеріліп, өткен жылы өңірімізде атқарылған жұмыстарды саралап өтті. Алдымен бюджеттің еселеп өскенін жеткізген аудан басшысы кәсіпкерлік, өнеркәсіп, ауылшаруашылығы салаларына тоқталды.

0112

Мәдениет, білім, спорт салаларында да табыстардың бар екенін негізге алды. Бірнеше жылдан бері Тартоғайда әлеуметтік нысандар соғылмаған еді. Енді 90 орындық балабақшаның құрылысы жүргізілетін болды. Бұл жаңалықты тартоғайлықтар аудан әкімінің өз аузынан естігенде қуаныштарын жасыра алмады. Ауыл тұрғыны Т.Шыттыбаева аудандық аурухананың бас дәрігері Я.Шорабаев пен ХҚКО қызметкерлеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ, әйелдер кеңесінің төрайымы Т.Каримова жасалған жұмыстарға көңілі толатынын айтып, елдің ризашылығын жеткізді. Өз кезегінде өтініштерін айтып, ауылға қажетті мәселе­лер­ді көтергендер де болды. Ардагер П.Ахметбеков ауылдағы пошта үйінің ғимараты ескіргенін, бұл жерден тұрғындар зейнетақылары мен жәрдемақыларын алатынын айтып, «мүмкіндік болса қайта соғылса» – деген тілегін айтты. Ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Әлсейітов аяқсу мәселесінің шешім тапқанына ел болып қуанғандықтарын жеткізіп, «енді инвес­тор келсе, дұрыс болар еді» – деген ойымен бөлісіп, ауыл және аудан әкімдерінің есептеріне өте жақсы деген баға берді.

Бұдан кейінгі жиын Майлытоғай ауылында жалғасты. Бұл елді мекенде де әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылған. Учаскелік полиция инспекторы Қ.Сейтмағанбетов ауылдағы тәртіптік ахуалды сақтау үшін қоғамдық кеңеспен, ардагерлер және әйелдер кеңестерімен ақылдасып жұмыс жасап жатқандығын мәлімдеді. Мектеп мұғалімдерімен бірлесіп кешкі рейдтер ұйымдастырылатындығын баяндады. Сонан соң Қ.Асанов хабарлама жасап, жыл бойы жасалған жұмыстарды саралап өтті. Жалпы, Майлытоғай өз алдына бөлек ауылдық округ болғалы бері бірқатар шаралар атқарылған. Соңғы бес жылдың өзінде заманауи білім ордасы бой көтерді. Елді мекенге кіргеннен ауылдың сәнін ашатын ғимарат осы мектеп десек артық айтқандық болмас. Ауыл көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілген. Тіпті, мал басын көбейту мақсатында өткен жылы 725 бас асыл тұқымды қаракөл қойы алынған. Ауыл әкімінің жасаған баяндамасынан біз осыны ұқтық. Майлытоғайлықтардың алдында аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев хабарлама жасады. Өткен жылғы жұмыстарды екшеп шыққан аудан басшысы биыл да атқарылар шаруалардың көп екенін тілге тиек етті. Өз кезегінде ауыл тұрғындары да өтініш-тілектерін жеткізді. Мәселен, Г.Ережепова несиені қалай алуға болатынын, ал, М.Әбілқасымұлы кәсіпкерліктің қандай тың жолдары бар екенін сұрады. Бұл мәселелер бойынша аудан әкімі тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, тұрғындармен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты.
Түстен кейін есепті кездесу Сұлутөбе ауылында болып өтті. Негізі, бұл округ аудандағы үлкен ауылдардың санатына жатады. Бірлестік, М.Шоқай, 1 Мамыр сынды үш бірдей ауылды біріктіретін елді мекенде атқарылған шаруалар аз емес. Соңғы жылдары үш мектеп пен осы көлемде мешіттер соғылды. Басқасын айтпағанның өзінде Алаш ардақтысы М.Шоқайдың 125 жылдығына орай жаңа мәдениет үйі бой көтерді. Ауылдың ішкі жолдары асфальттанып, көшелер жарықтандырылды. Аяқсу мәселесін шешу үшін Сұлутөбе, Бозарық каналдары қазылды. Қарап отырғанымыздай жасалған тірліктер ұшан-теңіз. Мұндай жұмыстарға халық та дән-риза. Тұрғындар атынан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Жұмаділов сөз сөйлеп, көпшіліктің атынан алғысын білдірді. Сонымен қатар, «Көксу» каналының 800 метрдей аумағы қазылса, жаңадан бой көтерген мәдениет үйіне Ш.Әбдібаевтың есімі берілсе деген ұсынысын жеткізді. Аудан әкімі бұл ұсыныстарды қолдайтынын айтып, жауапты мекемелердің басшыларына жұмыс жасау үшін нақты тапсырмалар берді.
Байқасақ, аудан орталығында ғана емес, сондай-ақ, ауылдық жерлерде де көңіл көншітерлік жұмыстар атқарылған. Осының барлығы береке мен бірліктің арқасында жүзеге асып отыр. Осы бағытымыздан таймасақ, әлі талай белестерді бағындырып, толағай табыстарға жетеріміз айқын.

ХАБАРЛАНДЫРУ

2017 жылдың 16 қаңтар - 12 ақпан аралығында Қызылорда облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен электронды үкімет порталы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үлесін арттыру мақсатында облыс тұрғындарын ынталандыруға бағытталған «Барлығына бірдей, әркімге қол жетімді» акциясы өткізілетіндігін хабарлаймыз. Портал арқылы:

        әрбір  150-шы қызмет алушыға ұялы телефон және ақпарат тасығыш (флешка)

        әрбір  500-ші қызмет алушыға смартфон телефон

        әрбір  1500-ші қызмет алушыға роутер модемі

        әрбір  1800-ші қызмет алушыға планшет

        әрбір  3000-ші қызмет алушыға ноутбук

        4500-шы қызмет алушыға теледидар сыйға тартылады.

Акция төмендегі электронды мемлекеттік қызметтерді  пайдаланушылар арасында жүргізіледі:

  1. Жұмыссыз азаматтарды тіркеу және есепке қою
  2. Адамдарға жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді нысандарына қатысуға жолдамалар беру
  3. Жұмыссыз азаматтарға анықтама беру
  4. Азаматтық хал актілерін тіркеу туралы қайталама куәліктер немесе анықтамалар беру
  5. Бала тууды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу
  6. Неке қиюды (ерлі-зайыптылықты) тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу
  7. Медициналық қызметке лицензия беруДенсаулық сақтау саласында есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына айланысты қызметтерге лицензия беру
    1. Фармацевтикалық қызметке лицензия беру
  8. II, III және IV санаттардағы объектілер үшін қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат беру
  9. II, III және IV санаттардағы объектілер үшін мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын беру
  10. Жобалау қызметіне лицензия беру
  11. Іздестіру қызметіне лицензия беру
  12. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына лицензия беру
  13. Мектепке дейінгі балалар ұйымдарына жіберу үшін мектепке дейінгі (7 жасқа дейін) жастағы балаларды кезекке қою
  14. Мұрағат анықтамаларын беру
  15. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй беру туралы шешім қабылдауы
  16. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына, банктерге, ішкі істер органдарына кәмелетке толмаған балалардың мүлкіне иелік ету және кәмелетке толмаған балаларға мұра ресімдеу үшін анықтамалар беру
  17. Қамқоршылық және қорғаншылық бойынша анықтамалар беру
  18. Тұрғын үй көмегін тағайындау
  19. Жеке қосалқы шаруашылықтың бар екендігі туралы анықтама беру
  20. Жолаушыларды облысаралық қалааралық, ауданаралық (облысішiлiк қалааралық) және халықаралық қатынаста автобустармен, шағын автобустармен тұрақты емес тасымалдау, сондай-ақ жолаушыларды халықаралық қатынаста автобустармен, шағын автобустармен тұрақты тасымалдау қызметiмен айналысу үшін лицензия беру
  21. Кәмелетке толмаған балаларға меншік құқығында тиесілі мүлікпен жасалатын мәмілелерді ресімдеу үшін қорғаншылық немесе қамқоршылық бойынша функцияларды жүзеге асыратын органдардың анықтамаларын беру
  22. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі салаларында сарапшылық жұмыстарды және инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын сарапшыларды аттестаттау

АППАРАТ БАСШЫСЫ БРИФИНГ ӨТКІЗДІ

Бүгін баспасөз орталығында аудан әкімінің аппарат басшысы Күлбаев Ғалымжан Қыдырияұлы журналистерге арнап брифинг өткізді.


Жиын барысында аппарат басшысы аудан көлеміндегі мемлекеттік қызметшілердің жұмысын саралап өтті. Ғ.Күлбаевтың берген мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда аудан бойынша 210 мемлекеттік қызметші жұмыс жасайтын көрінеді. Олардың біліктілігіне ерекше көңіл бөлініп, мемлекеттік қызметшінің әдепке сай жұмыс жасаулары да назардан тыс қалмайды екен. Мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру мақсатында мемлекеттік қызметшіге қойылатын бірқатар талаптар күшейтілген. Осылайша, атқарылған жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндап, аудан көлемінде 4 мемлекеттік қызметшінің орны бос тұрғанын да мәлімдеді. Мемлекеттік қызмет туралы заңға тоқталған Ғ.Күлбаев басшылық қызметке келетін адамның сатылап өскендігі дұрыс екендігін айтты. Жиын соңында журналистер аппарат басшысы Ғ.Қыдырияұлына көкейде жүрген сұрақтарын қойып, көңілге қонымды жауаптарын алды.

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ АУДАНЫМЫЗДА

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Балайым Кесебаева арнайы іс-сапармен Шиелі ауданында болды.

Халық қалаулысы сапар барысында Иіркөл ауылдық округінде болып, халықпен кездесіп, Парламентте қабылданған заңдарға тоқталып өтті. Сонан соң екі рет Еңбек Ері болған, даңғайыр диқан Ы.Жақаевтың музейінде болып, дала академигінің ерлікке толы еңбек жолымен танысты. Сонымен қатар, инфрақұрылымы тартылып жатқан «Береке» мөлтек ауданына ат басын тіреп, жүргізілген жұмыстардың барысын бағдарлады.

Сапар барысы түстен кейін Ақмая ауылдық округінде жалғасты. Алдымен елді мекендегі жуырда ғана күрделі жөндеуден өткізілген клуб үйінің ғимараты көрсетілді. Сонан соң осы ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанатына қатысқан халық қалаулысы елдің игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстарға көңілі толатынын жеткізді.

Мәжіліс депутатының Шиелідегі жұмыс күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында өткен жиынмен қорытындыланды.

Мақаланың толық нұсқасын Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінен оқи аласыздар.

ОЗАТ ҚЫЗДАР ОЗА ШАПТЫ

Аңсаған Бақытбек Қызылорда қаласында өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың үшінші кезеңінде химия пәні бойынша ІІІ орынды жеңіп алды.

Алтыншы сыныпқа дейін кентіміздегі №244 Ы.Жақаев атындағы мектепте оқыған Аңсаған, бүгінгі таңда Қызылорда қаласындағы №10 қазақ-түрік қыздар лицейінде білім алады.

****

Ақмая ауылындағы №49 орта мектебінің 2 сынып оқушысы Аружан Жұмабек Алматы қаласында өткен халық­аралық монопәндік турнирге математика пәнінен қатысып, І орыннан көрінді. 

Аружанды додаға дайындап, бірінші болуына тікелей атсалысқан сынып жетекшісі – Дариға Биманова. Білікті, тәжірибелі ұстаздың шәкірттері ылғи облыстық, республикалық сайыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр.

Озат қыздарымызды жүлделерімен құттықтап, қашанда бірінші болып, биік шыңдардан көріне берулеріне тілектеспіз.

 

ТӨТЕНШЕЛІКТЕРДІҢ ЖҰМЫСЫ САРАЛАНДЫ

Баспасөз орталығындағы есеп беру кезегі төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау майоры Рақымжан Сариевке келді. Ол өз сөзінде бөлімде атқарылып жатқан шараларды былтырғы жылмен салыстыра отырып баяндады.

Жалпы, биылғы жылы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мақсатында аудандық бюджеттен шұғыл шығындар резервіне 6 млн. теңге қаржы қаралған. Жыл басынан бері аудан бойынша 8 төтенше жағдай тіркеліп, оның әсерінен 5 адам суға кетіп қайтыс болып, 1 адам күйік жарақатын алған. Өткен жылы осы мерзімде 8 адам қайтыс болып, 4 адам жарақаттанған.
Аудан аумағында болуы мүмкін төтенше жағдайларға қатысты тиісті қызметтердің дайындығын тексеру мақса­тында «Көктем-2016» оқу-жаттығуы өткізілді.
Былтыр Шиелі ауданының шұғыл әрекет ететін жасағы құрылды. Онда 13 құрама, 33 техника, 114 жеке құрамы бар. Жасақтың дайындығы жылына екі рет тексеріліп тұрады. Сонымен қатар, ауданымызда су басуы аумағынан қауіпсіз аймаққа орналастыру іс-шара жоспары жасалынған. Су басуы ықтимал аймаққа Шиелі кенті мен Ақмая, Төң­керіс, Қарғалы, Жөлек, Ортақшыл, Бәйгеқұм, Ботабай, Жаңатұрмыс, Ы.Жа­қаев, Бидайкөл елді мекендері жатады. Халықты су басу аймақтарынан көшіру мақсатында 16 эвакуациялық жиналу пункті және 22 эва­куациялық қабылдау пунктері бекітілген.
Аудан тұрғындарын суға кетудің алдын алу жөнінде Рақымжан Еркінбекұлы «Бәйгеқұм аулындағы «Ханқожа» көліне демалуға келетіндер саны жылдан- жылға артуда. Осыған байланысты ауданда суда құтқару бекетін ашуды қарастыру, сонымен қатар, көпшіліктің суға шомылуға арналған жерлерін анықтап, талаптарға сай жағажай орнатып, оларды суда құтқаруға арналған қайық, құтқару шеңберлері, белдемшелермен жабдықтау жөнінде аудан әкімдігіне ұсыныс білдірдік», – дейді.
Төтенше жағдайлар бөлімінің өрт қауіпсіздігі саласындағы жоспарына сәйкес жыл басынан бері 170 нысанға тексеру жүргізілген. Нәтижесінде, 19 заңды тұлағаға, 12 жеке тұлғаға және 58 лауазымды тұлағаға әкімшілік шаралар көрілген. Бөлімге тіркелген хабарламаларға сәйкес ауданымызда қаңтар айынан бастап 28 өрт оқиғасы орын алған. Оның материалдық шығыны 3 млн. 529 мың теңгені құрайды. Өрт шыққан жерлерді атап айтар болсақ, нысандарда – 4, жеке үйлерде – 15, автокөліктерде – 9 өрт оқиғасы тіркелген. Аталған оқиғалар бойынша 8 әкімшілік айыппұл салынған.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ-ЕҢ ІЗГІ ҚАСИЕТ

«Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген халық даналығы. Қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі.

Осы орайда жаңа жыл қарсаңын-да«Нұр Талап и К» ЖШС басшы-сы Қанатбек Керейітбаев тұрмысы төмен, көпбалалы, асыраушысынан айырылған30 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етті. Сонымен қатар,  «Үміт» шаруа қожалығының төрағасы Мұрат Батталов мүмкіндігі шектеулі 8 бүлдіршінге және жеке кәсіпкер Патма Даниярова 10  көпбалалы отбасыға жаңа жылдық сыйлықтар тарту етті.

Иә, қайырымдылық жасау тек қаржылай көмек көрсету ғана емес,  жаны жаралы жандардың жағдайын біліп, жылы сөз айту да адамдарды тәубесіне түсіріп, бір-біріне мейірім мен қуаныш сыйлайтын ізгілікті іс болып келеді.

Бүгін Мемлекет басшысының арнайы мәлімдемесі жарияланады

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына ресми мәлімдеме жасайды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Арнайы мәлімдемені сағат 21:00-де «Хабар 24» арнасынан көре аласыздар. Еске сала кетейік, 25 қаңтар күні Қазақстан Президенті өз үндеуін жариялаған болатын. Ол кезде Елбасы билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлуге қатысты ұсыныс жасаған болатын.

Дереккөз: 24.kz

Универсиада-2017: Қазақстан қоржынында үш медаль

Жарыстың бірінші күні Қазақстан қоржынына үш медаль түсті. Бұл туралы арнамыздың меншікті тілшісі Жандос Айтбайұлы хабарлайды. Түске дейін шаңғымен қыздар арасындағы 5 шақырымдық жарыста Анна Шевченко қола медальға қол жеткізсе, Жібек Арапбаева мен Жанбота Алдабергенова фристайлдың акробатика түрі бойынша  күміс және қола медаль жеңіп алды. 

Дереккөз: 24.kz

Универсиада-2017: ел қоржынына алғашқы жүлде түсті

Алматыда өтіп жатқан Универсиада ойындарында ел қоржынына алғашқы жүлде түсті. Шаңғымен бес шақырымдық жекелей сында жерлесіміз Анна Шевченко мәре сызығына үшінші келіп, қола медальға ие болды. Ал алтын жүлдені ресейлік спортшы Лилия Васильева иемденді, күмісті де тағы бір ресейлік Анна Нечаевская еншіледі, деп хабарлайды тілшіміз Қанат Базылхан. Айта кетейік, бүгін өзге де спортшыларымыз сынға түседі. Олардың нәтижелерін алдағы сағаттарда айтатын боламыз.

Дереккөз: 24.kz

Жоғарғы Сот билік тармақтарының құзыретін бөлу туралы бастамаға орай бірқатар ұсыныс әзірледі

Еліміздің Жоғарғы Соты Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтарының құзыретін бөлу туралы бастамасына орай бірқатар ұсыныс әзірледі. Бұл туралы бүгін еліміздің бас судьясы Қайрат Мәми мәлімдеді. Оның айтуынша, ұсыныстар негізінен сот жүйесін, сот өндірісі мен сот төрелігін жүргізу саласы бойынша Үкімет пен Парламент және өзге де мемлекеттік органдармен байланысын қамиды. Осы тұста, биліктің сот тармағы да еліміздің саяси-құқықтық жүйесін жетілдіруге өз үлесін қосады. Қайрат Мәми, ҚР Жоғарғы Сот төрағасы: - Алдағы уақытта билік тармақтарының құзырын қайта қарау бойынша жұмыстар басталады. Соның ішінде құқықтық кеңістікте едәуір өзгерістер орын алады. Бұл істе сот жүйесі де тыс қалмайды. Өздеріңіз білесіздер, Президент тапсырмасымен Үкіметте арнайы комиссия құрылды. Жоғарғы Сот алдағы реформаларға қатысты өзінің ұсыныстарын енгіздік. 

дереккөз:24.kz

26 қаңтардан бастап ҚР Конституциясына енгізілетін түзетулер бүкілхалықтық талқылауға шығарылады

ҚР Конституциясына енгізілетін өзгерістердің бүкілхалықтық талқылау мерзімі аталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.      

«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын бүкілхалықтық талқылау туралы

1. «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының жобасы (бұдан әрі – Заң жобасы) бүкілхалықтық талқылауға шығарылсын, ол 2017 жылғы 26 қаңтар - 2017 жылғы 26 ақпан аралығында өткізілсін.

2. Заң жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында жариялансын.

3. Мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобы бүкілхалықтық талқылау барысында айтылған ұсыныстарды талдауды және жинақтап қорытуды, осы ұсыныстарды ескере отырып, Заң жобасын пысықтауды және оны Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізуді қамтамасыз етсін.  

Қазақстан Республикасының Президенті           Н.Назарбаев Астана, Ақорда,

2017 жылғы 25 қаңтар

№ 141

Қазақстан Республикасының азаматтары мен мекемелерінің назарына Мемлекет басшысы бүкілхалықтық талқылауға шығарған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасына қатысты ұсыныстар 2017 жылғы 26 қаңтардан 2017 жылғы 26 ақпанға дейін мына мекенжайда қабылданады: 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Үкімет үйі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімі, электрондық пошта – ap2017@akorda.kz

Дереккөз: 24.kz

Мемлекет басшысы барша Қазақстан халқына арнайы үндеу жасады

«Қазір заманның дидары өзгерді. Біз де өзгеру керекпіз». Елбасы Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі бойынша үндеу жариялады. Президент мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртатын кез келгенін айрықша атап өтті. Ел мүддесі, заман талабы мен ұрпақ болашағын ойлай отырып, осындай байлам жасағанын жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Арнайы құрылған жұмыс тобы атқарылған істерді баяндады. Реформа екі негізгі бағыт бойынша іске асады. Біріншіден, Президенттің экономикалық-әлеуметтік процестерді реттеудегі біршама өкілетін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берген жөн деп санадым. Сонда бұл салаға Үкімет, министрліктер және әкімдіктер толықтай жауап беретін болады. Өкілеттіктерді беру тиісті заңдарды өзгерту арқылы іске асатын болады. Бұл өзгерістерді Үкімет қазіргі Парламенттің сессиясының аяғына дейін енгізуі тиіс. Екіншіден, одан да күрделі міндет – билік тармақтары арасындағы қатынастарды конституциялық деңгейде теңгерімді ету. Осы реформаның аясында Үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлін күшейтеміз. Парламент сайлауында жеңген партия Үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал ететін болады.

Дереккөз: 24.kz

Елбасы ҚР мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы Жарлыққа қол қойды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы» Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.  

Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында

ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Мыналар:

1) Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі: әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және жүргізу саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне; денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және жүргізу саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне бөлу арқылы;

2) Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі экспортты ілгерілетуге жауапты ретінде айқындалып, туристік қызмет саласындағы функциялары мен өкілеттіктері Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне беріле отырып;

3) Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі: халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне; елді мекендердің шекарасы (сызықтары) шегінде электрмен жабдықтау (0,4 кВ электр желісі объектілері), орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағында жылу энергиясын өндіруді жүзеге асыратын, белгіленген қуаты 100 Гкал/сағаттан төмен қазандықтар (автономды қазандықтардан басқа) бөлігінде жылумен жабдықтау, газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне; сәулет, қала құрылысы, құрылыс, тұрғын үй қатынастары, сумен жабдықтау, су бұру, коммуналдық шаруашылық және коммуналдық қалдықтармен (қатты-тұрмыстық қалдықтарды қоспағанда) жұмыс істеу саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігіне беріле отырып қайта ұйымдастырылсын. 2. Мемлекеттік органдар берілетін функциялар мен өкілеттіктерге сәйкес қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдардың құқықтары мен міндеттемелерінің құқықтық мирасқорлары болып белгіленсін.

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдардың штат санын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша қайта бөлуді;

2) 2017 жылғы 1 шілдеге дейін осы Жарлықты іске асыру бойынша өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.

4. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 6 Жарлығына мынадай өзгеріс пен толықтыру енгізілсін: 1-тармақта: мынадай мазмұндағы жолдармен толықтырылсын: «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі; Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.»; «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі;» деген жол алып тасталсын.

5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.    

Қазақстан Республикасының Президенті

Н.Назарбаев   Астана, Ақорда, 2017 жылғы 25 қаңтар                                                                 

№ 412


Дереккөз: 24.kz

Бүгін Мемлекет басшысы арнайы үндеу жасайды

Бүгін сағат 21:00-де республикалық телеарналардың эфирінен Мемлекет басшысы арнайы үндеу жасайды деп күтіледі. Бұл туралы Ақорданың Twitter-дегі парақшасы хабарлайды.

Дереккөз: 24.kz

Елбасы: Универсиада алауы еліміздің әр өңірін шарлап шығып, жеңіске жетуге жетелейді

Елімізде өтетін Дүниежүзілік 28-ші Қысқы Универсиаданың біз үшін шоқтығы биік. Байрақты бәсеке жастарды спортқа тартады. Ал арнайы тұрғызылған нысандар ел игілігіне беріліп қана қоймай, Қазақстанды күллі әлемге паш ететін болады. Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алау эстафетасын тұтату барысында осылай деп мәлімдеді. Әлемнің 60-қа жуық елінен келетін жастар спорттың 12 түрінен өзара кім мықтыны анықтайтын болады. Дүбірлі дода жексенбі күні өз шымылдығын түреді. Нұрсұлтан Назарбаев спортшыларымызға сәттілік тіледі. «Бүгінгі жағылған Универсиада алауы еліміздің әр өңірін шарлап шығып, жеңіске жетуге жетелейді», деп атап өтті Елбасы. Универсиаданың Алматыда өтетін ашылу салтанатына елорда атынан қазақстандық хоккейші, астаналық «Барыс» клубының қорғаушысы Мадияр Ыбырайбеков қатысады.

Дереккөз:24.kz

Астанада Қысқы Универсиада алауы жағылды

Бүгін елордада 28-ші Дүниежүзілік Қысқы Универсиаданың алауы жағылды. Осы шараға арналған салтанатты жиын Елбасының қатысуымен Назарбаев Университетінде өтті.  Алау көтерушілердің әрқайсысы шамамен 200 метрді жүгіріп өтеді. Айта кетейік, эстафета үшін Универсиада логотипі бейнеленген 140 алау дайындалған. Ол сөніп қалмас үшін арнайы құтыға салынады. Осылайша елордадан бастау алған алауды жағу рәсімі ертең Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Петропавл, Қостанайда жалғасады. Ал бүрсігүні Ақтөбе, Орал, Атырау, Ақтауда жағылады. 28 қаңтарда Қызылорда, Шымкент, Тараз, Талдықорғанға жеткізіліп, 29 қаңтарда Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де тұталады. Кейіннен Шымбұлақ, Медеу, Балуан Шолақ атындағы сарай мен білім беру орталықтары, қаланың көрікті орындарына жеткізіліп, Универсиада ашылу салтанатының шарықтау шегі «Алматы-Арена» стадионында өз мәресіне жетеді. Алауды 100 адам 20 шақырымға созылған жол бағытында алып өтпек. Осылайша Универсиада алауы жалпы алғанда 22500 шақырым жолды жүріп өтеді. Аймақтарды қоса есептегенде, эстафетаға жалпы саны мың адам қатысады. Өңірлерде 60, ал Алматыда 100 адам алауды алып өтеді. Әрине, қатысушылар арнайы іріктеуде таңдалынып алынған. 17 мен 28 жас аралығындағы білім мен спортта жетістікке жеткен, қоғамның өміріне белсене араласатын, саламатты өмір салтын ұстанатын нағыз патриот студенттер мен аспиранттарға мұндай жауапты міндет жүктеліп отыр.

дереккөз: 24.kz

Қазақстан Президенті Abu Dhabi Global Market еркін қаржы аймағын аралап көрді

Мемлекет басшысы халықаралық қаржы аймағының қызметімен және даму перспективаларымен танысты. Іс-шара барысында Нұрсұлтан Назарбаев Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Abu Dhabi Global Market көптеген жергілікті және шетелдік қаржы ұйымдары жұмыс жүргізетін халықаралық қаржы орталығы болып саналады. ADGM аумағында жалпы ағылшын құқығы мен ағылшын тілі қолданылады.

Дереккөз: 24.kz

Н.Назарбаев Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры Аднан Әминмен кездесті

Әңгіме барысында ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарына қатысты кең ауқымды мәселелер талқыланды. Мемлекет басшысы IRENA агенттігінің көптеген елдердің жаңартылатын энергетика саласындағы күшін жұмылдырушы ретіндегі рөлін атап өтті. Тараптар серіктестік қарым-қатынастардың табысты дами беретініне сенім білдірді. Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттік 2009 жылы қаңтарда құрылды. Қазіргі уақытта оның жарғысына барлық континенттің 140-тан астам елі қол қойған.

Дереккөз: 24.kz

Елбасы «Болашақ энергиясы» дүниежүзілік саммитіне қатысты

Мемлекет басшысы саммит саясаткерлердің, ғалымдар мен сарапшылардың энергетика саласында және энергияны үнемдеу ісінде таза технологияларды дамытуға ықпал ету бағытында жүріп жатқан жаһандық диалогының маңызды бөлігіне айналғанын айтты.

– Сарапшылар оны қазірдің өзінде «таза энергияның дипломатиясы» деп атауда. Бұл әсіресе жаңа Климат жөніндегі Париж келісімі ауқымында жұмыс жүргізіліп жатқан кезде ерекше маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті 2015 жылы жаңартылатын энергия көздері мен энергия тиімділігіне жұмсалған инвестицияның мұнай-газ саласына салынған инвестициямен алғаш рет теңескеніне назар аударды.

Мемлекет басшысы бүгінде ешбір ел «қазірше дами бер, экологиямен кейін айналысамыз» деген формуламен өмір сүре алмайтынына тоқталып, планетаның энергетикалық-экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сценарий қажет екеніне тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев XXI ғасыр энергетика саласындағы серпінді шешімдер дәуірі болуы қажет екенін айтып, бұл тек энергетика саласының даму векторын ғана емес, планетамыздың алдағы мыңдаған жылдардағы тағдырын анықтайтын кезең болуға тиіс екенін атап өтті.

– Ресурсқа бай кейбір мемлекеттер өкілдері өз энергетикалық саясатының салдары туралы ойлана бермейді. Басқа елдерде бұл саясат өз ресурстарын сақтап қалып, үшінші елдерге экономикалық энергетикалық экспансия жасауға негізделген, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы саммит жұмысы ұлттық «таза» энергетикалық саясаттың әзірленуі мен белсенді түрде енгізілуіне себепші боларына сенім білдіріп, энергияның жаңа көздерінен пайда таба білу қажет екенін жеткізді.

– Бұрын тек дамыған елдердің ғана одан пайда табуға мүмкіндігі бар еді. Олар жаңа энергия саласындағы технологиялар бойынша білім мен техникалық тәжірибе жинақтай алды. Қазір дамушы елдер үшін осы үдеріске қосылуға ең қолайлы уақыт туып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті энергетикалық трендтердің көлік саласына да ықпал етіп отырғанына тоқталды. – Қазіргі таңда электромобильдер кең танылып, қолжетімділікке ие болып келеді. Әлемнің көптеген мегаполистері қоғамдық таза көлікке көшіп жатыр, – деді Мемлекет басшысы. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев саммитке қатысушыларды еліміздің былтыр электромобиль шығаратын өз өндірісін бастағанын және оны келешекте кеңейте түсуге, сондай-ақ электрлі автобустар шығаруды қолға алуға ниетті екенін жеткізді. Қазақстан Президенті жаңартылатын энергия ұраны арқылы әлем елдерінің көбінің басын біріктіре алған Халықаралық жаңартылатын энергия көздері жөніндегі агенттіктің қызметіне тоқталды, сондай-ақ энергияның таза көздерін қаржыландыру ісінде «жасыл» қаржы маңызды рөл атқаруға тиіс екенін айтты.

– «Жасыл» облигациялар нарығы соңғы жылдары шарықтап, 70 миллиард долларға дейін жетті. Бұл осыдан үш жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда 6 есе көп. Аталған бағалы қағаздар жаңартылатын энергетика үшін зор синергетикалық нәтиже бере алады, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев баламалы энергетика мен қоршаған ортаны қорғау ісі ядролық әскери бағдарламалардан бас тартумен байланысты болуға тиіс екенін атап өтті.

– Қазақстан «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде заманның ең күрделі проблемаларын шешу жолдарына қатысты өз көзқарасын ұсынды. Еліміз тәуелсіздігін алған күннен бастап ядросыз бейбіт қатар өмір сүру жоспарын ілгерілетіп келеді. Біз атом қаруының қуаттылығы жөнінен әлемдегі төртінші арсеналдан бас тарттық, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстанның бейбіт атомды қолданудың жақтаушысы екеніне назар аударып, 2015 жылы МАГАТЭ біздің ел аумағында Төмен байытылған ядролық отын банкін құру туралы шешім қабылдағанын еске салды.

– Банк бейбіт атом энергетикасын дамытуды жоспарлап отырған мемлекеттерге арналған. Бүгінде уранға балама ретінде торийді қолдану жайы қызу зерттелуде. Осыған байланысты атом саласының тиімділігі айтарлықтай арта түсуі мүмкін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті биыл еліміздің астанасы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізетінін, көрме аяқталған соң оның инфрақұрылымы базасында жаңа «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналасатын атап өтті.

– Біз Дубай қаржы орталығымен келіссөз жүргіздік. Олардың тәжірибесін Қазақстанда қолдану жөнінде уағдаластық, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде ЕХРО-2017» көрмесінің базасында БҰҰ-ның қолдауымен Жасыл технологияларды және инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық құруды ұсынғанын айтты. «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Жасыл технологияларды дамыту жөніндегі орталықтың бірлескен қызметі аймақтағы «жасыл» облигациялар мен ислам қаржы саласының дамуына серпін беруге тиіс.

Қазақстан Президенті таза энергетиканы дамыту саласындағы бастамалар ынтымақтастық үшін берік негіз бола алатынын атап өтті.

– Саммит мемлекеттер мен бизнестің осы саладағы өзара әрекеттестігінің жаңа формаларын бастап беруі қажет, – деді Мемлекет басшысы. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев талқыланған мәселелер бойынша пайдалы пікірталас өтіп, ұтымды ұсыныстар айтылуына тілектестік білдірді, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінің құрылуының 45 жылдығымен құттықтады.

***

Қазақстан Президенті мерейтойлық саммит жұмысы аясында болашақтың энергиясы саласындағы Zyed Future Energy Prize халықаралық сыйлығын салтанатты түрде табыстау рәсіміне қатысты.

Сыйлық 2008 жылы тағайындалды және Дүниежүзілік «Болашақтың энергиясы» саммитінде, Абу-Дабидің тұрақты даму аптасы аясында әмірліктің тақ мұрагері шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянның атынан жыл сайын табыс етіледі. Сыйлықты 5 аталым бойынша Біріккен Араб Әмірліктері басшылығының қатысуымен шет мемлекеттер басшыларының бірі табыстайды. Биыл мұндай құрметке Нұрсұлтан Назарбаев ие болды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Дүниежүзілік «Болашақтың энергиясы» саммитінің көрмесін аралап көрді. Нұрсұлтан Назарбаев іс-шара барысында «ЭКСПО-2017» павильонымен танысты, деп жазады Ақорданың баспасөз қызметі.


Дереккөз: 24.kz

Елбасы Бішкектегі ұшақ апатына байланысты көңіл айтты

Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевқа көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Қазақстан Президенті ұшақ апаты салдарынан Бішкек қаласының маңында көптеген адамның қаза болғаны туралы қайғылы хабарды зор күйзеліспен қабылдады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан қаза болғандардың туыстары мен жақындарына, сондай-ақ барша қырғыз халқына көңіл айтты.

Дереккөз:24.kz

Н.Назарбаев Ресей президенті В.Путинмен Астанада өтетін халықаралық кездесуді талқылады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен Астанада өтетін халықаралық кездесуді телефон арқылы талқылады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Дереккөз:24.kz

Елбасының саяси үндеуі БҰҰ-ның ресми құжаты атанды

Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне арнаған саяси үндеуі әлемдік ұйымның ресми құжаты мәртебесін алды. Ұйым хатшылығы оған S-2017-19 нөмірін беріп, халықаралық бірлестікке мүше барлық елге және ұйымның ресми электронды құжаттар жүйесін бақылаушы ұйымдарға таратты. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдар кезеңінде тұрақты емес мүшесі ретінде «Шиеленістердің алдын алу және бейбітшілікті сақтау» тақырыбында ашық пікірталастарға қатысады. Осы пікірталас аясында Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы» атты саяси үндеуін таныстырды. Жиынға жаһандық ұйымның жаңадан сайланған Бас хатшысы Антониу Гутерриш те қатысты. Елбасының үндеуі Біріккен Ұлттар Ұйымының басшылығы мен Қауіпсіздік кеңесіне мүше өзге елдер тарапынан жоғары бағаланды. Әсіресе Қазақстан Президентінің жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті бекемдеуде әріптестікті дамытып, жұдырықтай жұмылуға үндеуі ұйымда талқыланған тақырыппен үндестік тапқан. Ұйым мүшелері Қазақстан Президентінің адам өмірі мен ар-ұжданын қорғау жолындағы ашықтығы мен ерекшелігін атап өтті.

Дереккөз: 24.kz

«Бәйтерек» АҚ активтері 4 трлн 100 млрд теңгеден асты

Елбасы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысына холдингтің 2016 жылғы қызметінің қорытындысы жөніндегі есебі және одан әрі даму жоспары ұсынылды. Е.Досаев өз сөзінде акционерлік қоғамның активі 4 трлн 100 млрд теңгеден асып, таза табысы 30 млрд теңгені құрап отырғанын айтты. Сондай-ақ «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Мемлекет басшысын «Қазақстанның даму банкі» акционерлік қоғамының жұмысы жайлы және еліміздегі экономикалық ахуал мен Ұлттық банктің жаңа монетарлық саясатын ескере отырып, холдингтің стратегиялық дамуына өзгерістер енгізуге арналған жоспарлары жөнінде хабардар етті. Қазақстан Президенті холдингтің еліміздің экономикасы үшін маңызы зор жобаларды іске асыру барысындағы рөлін атап өтті. «Холдингтің алдына әуел бастан ірі жобаларды несиелеу жөнінде міндет қойылған. Алайда, экономикалық дағдарыс жағдайында «Бәйтерекке» көптеген түрлі қосымша тапсырмалар берілді. Осыған байланысты қазір оның бұдан арғы қызметінің стратегиялық перспективаларын айқындау қажет», - деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

Дереккөз: 24.kz

Б.Сағынтаев азаматтардың тіркелу нормаларын ауқымды түсіндіруді тапсырды

Б.Сағынтаев азаматтардың тіркелу нормалары туралы ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің ресми сайты хабарлайды. ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысы барысында министрліктерге азаматтардың келген жерінде уақытша тіркелу нормалары мен ережелері туралы ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. «Қазір қоғамда, бұқаралық ақпарат құралдарында азаматтардың уақытша тіркелуіне қатысты тақырып белсенді түрде талқылануда. Адамдардың сауалдары көп, ал ақпарат жеткіліксіз. ХҚКО-ларда кезек көбейген», - деді Б. Сағынтаев. Премьер-министр ҚР ІІМ-іне ҚР АКМ-мен бірлесіп жаңашылдықты түсіндіру бойынша ауқымды ақпараттық жұмыстар жүргізуді және тіркеу шарасын барынша жедел жүзеге асыруды тапсырды. Б. Сағынтаев бұл «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының да міндеті екенін еске салды. Б.Сағынтаев азаматтарға олар үшін қолайлы уақытта тіркелуге мүмкіндік беру керектігін және ол үшін ХҚКО-ында жұмыс істейтін терезелер санын барынша көбейтіп, қызмет көрсететін операторлар санын жеткілікті ету керектігін атап өтті. 

Дереккөз: 24.kz

Қазақстан Сирияға жөнелткен гуманитарлық көмек халыққа таратыла бастады

Сирия басшысы Башар Асад Қазақстанда өтуі тиіс келіссөздерден үлкен үміт күтетінін мәлімдеді. Себебі Женевадағы жиыннан гөрі Астанадағы келісім алаңына барлық сириялық топтар қатысады деген сенім бар. Жақында біздің ел Сирияға гуманитарлық жүк жөнелткені туралы айтқан болатынбыз. Бүгінде оның алғашқы легі жергілікті жұрттың қолына тиді. Саид бүгін түскі асқа брокколи қуырып жатыр. Кеше майға асқабақ пісіріп еді. Әрі-бері жүргендер - жаңа көшіп келген көршілері. Бұл қоныс аударушылар лагері. Алеппо мен Дамаскіден келген 80 отбасы қазір осы Тартуста тұрып жатыр. Бұрынғы әлеуметтік қорғау басқармасының ғимаратын паналап отыр. Пұшайман болған бұл жандар көмекке зәру. Соғыс болғанымен, бәрі бірдей сабылып, Батыстан береке таппайтынын біледі де. Осындай лагерьлерге келіп бас сауғалайды. Бұл - соғыстың ойранын көрсе де, Отанынан безбегендерге арналған қауіпсіз орындар. Өмірінде бірде бір бейнекамера көрмеген бейбақ балалар шуылдап қалды. Дүние есігін ашқалы электр жарығын көрмеген, жарытып тойып тамақ ішпейтін бала-шағаның көзінде өздері де әлі терең түсіне қоймайтын мұң бар. 10 жастағы жеткіншектер саясат, соғыс туралы ересектерден естігенін әңгімелейді, бейбіт күн туса деп армандайды. - Мен өзге елдердегідей жақсы мектепке, сабаққа барғым келеді. Бірақ әкем біздің қалада қаруланған адамдар жүргенін айтты, сондықтан біз уақытша осында тұратын боламыз. Қайырымды адамдар жоқ емес. Қазақстан жіберген көмекке тұрғындар дән риза. Бірнеше қап ұнды көргенде балалар да жүгіріп жүк түсіруге кірісті. Кешке жылы жұмсақ жұқа нан жейтіндерін ойлап қуанып жүр. Әзірге макарон өнімдері, күріш, ет консервілері, шай секілді азық-түлік жеткізілді, қалғаны жақында әкелінеді. Әмина Мұхаммад Аббах: - Соғыс бізді әбден қалжыратты. Халықтың тоз-тозы шықты. Біздің қиналғанымызды Қазақстан халқы да біліп, сіздердің Президенттеріңіз бізге көмек көрсету жөнінде шешім қабылдағанын естігенде көздерім жасқа толды. Бұл біз үшін, біздің балаларымыз үшін өте маңызды. Сіздердің жеріңізде мұндай соғыс бола көрмесін, халықтарыңыз біздің көргенімізді көрмесін. Бұл маңнан ондаған шақырым жерде Хомс қаласы орналасқан. Қаруланған топтар мен оппозиция содырлары қаланың ойран-асырын шығарған. Кей аудандарында ауық-ауық атыс болып тұрады. Бір-екі жыл бұрын Хомстың ескі орталығында саудасы қызған нағыз шығыс базары болатын. Қазір оның тамтығы жоқ. Қақтығыстар кезінде қаладағы ірі мешіттердің бір бөлігі қираған. Халықтың дінге беріктігі ғой, мешіт мұнарасынан күніне 5 рет азан шақырылады. Хомсты бірден қалпына келтіру мүмкін болмаса да, тыныш аумақтарында өмір қайта жанданғандай. Гасан Жансиз, Бабхуд ауданын қалпына келтіру жөніндегі бас инженер: - Біз Хомстың ең көне ауданын қалпына келтіру жұмысын қолға алдық. Мәселен, мына базар 2 мың жыл бұрын салынған, әлемдік сәулет мұрасы. БҰҰ қолдауының арқасында жөндеу жүргізілуде. Біз болашақта бейбіт Сирияға көп адамдар қыдырып келеді деп сенеміз. Бұрынғы бақытты бейбіт ғұмыр қираған үй, бұзылған ғимарат, үйінділердің астында қалғандай. Бейбіт күнге ұмтылған сириялықтар келешегінің кірбіңсіз болатынына ерекше сенеді. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» - бұл туған жерінен аулаққа кеткісі келмейтіндердің арманы.

Дереккөз: 24.kz

Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкері парамен ұсталды

Алматы облысында Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкері пара алғаны үшін ұсталды. Азамат Жұмабаев Қапшағай қаласында орналасқан ойынхана өкілінен кәсіпкерлік қызметіне заңсыз қамқорлық жасап, салық тексерістерін жүргізбегені үшін жүйелі түрде ақша алып отырған деген күдік бар. Өндірістік емес төлемдер басқармасының бас сарапшысы өзінің баласы арқылы 5 мың АҚШ доллары көлемінде пара алу кезінде қолға түсті.

Дереккөз: 24.kz

«Аялаған Астана – 2017» V Республикалық байқауына қабылдау басталды

Биылғы байқау Астана қаласында өтетін ірі халықаралық жоба «EXPO – 2017» көрмесіне арналады.  Байқауға 7 мен 13 жас аралығындағы балалар қатыса алады. «Аялаған Астана» байқауы дарынды жастарға өз өнерін паш етіп, байқау жеңімпазына «Детская Новая волна» халықаралық байқауында Қазақстан намысын қорғауға мүмкіндік береді. Байқауға қатысу – тегін, ұйымдастырушылар балалар мен олармен еріп келген ересектердің тұруы мен тамағы үшін шығындарды көтереді. «Аялаған Астана» V республикалық телевизиялық балалар байқауының Ережесімен www.madeniet.astana.kz сайтында танысуға болады. Іріктеу кезеңі 2017 жылдың 15 ақпанына дейін жалғасады. Барлық сұрақтар бойынша +7 (7172) 70-12-14 және +7 775 000 57 71 телефондарына хабарласуға болады.

Дереккөз: 24.kz

KASE қорытындысы: $1 = 330,54 теңге

Қазақстан қор биржасының қорытындысында доллар бағамы 330,54 теңге болды.

Дереккөз: 24.kz

Сырдариядағы судың деңгейі көтерілді

Қызылорда өңірінде күн райы жылы қабақ танытып тұр. Осыған байланысты Сырдарияның тоңы жібіп, су деңгейі айтарлықтай көтерілді. Желтоқсан айында дария арнасынан асып, Жалағаш ауданының шабындықтарын су басып қалғаны белгілі. Бұл жолы төтенше жағдайды болдырмау үшін алдын ала анықталған 56 қауіпті аумақ ерекше бақылауға алынды. Мамандар ішкі арналарға да су жинап, өзен деңгейін түсірудің барлық шараларын қолға алды. Ал қыркүйектің 10-ынан кейін жоғарыдан келетін су көлемі секундына 450 текше метрге дейін төмендемек. Қазіргі күні кейбір елді мекендерге су жайылып кетпес үшін өзен иіндеріндегі бөгеттердің бүтіндігін арнайы комиссия тағы бір тексеруге кірісті. Ғабит Жаңабаев, Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары: - 1685 адам, 403 арнайы техника қарастырылған, оның үстіне облыста 200 мың қап резерв те бар. 46500 аудандарда, 153 мың облыста резервте тұр. Әділхан Қарлыханов, Арал-Сырдария бассейндік инспекция басшысы: - Қаңтар айының 15-20 аралығында тағы да салқын болады деген хабар келді. Соған байланысты мұздар қайтадан қату, яғни сең жүру процесі қайтадан басталады деп отырмыз. Бірақ қазіргі таңда біз оған дайынбыз. Шардарадағы судың көлемі төмен түсірілген, Қызылорда қаласына келіп жетеді.

Дереккөз: 24.kz

В Казахстане появится Комитет миграционной службы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Үкіметке осындай жаңа ведомство құру туралы тапсырма жүктелді. Сонымен бірге елімізде бірқатар министрлік қайта құрылды. Халықтың көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру, шет мемлекеттердің уәкілетті органдарымен және халықаралық ұйымдармен көші-қон процестерін реттеу саласындағы ынтымақтастықты ұйымдастыру және жүзеге асыру саласындағы функциялары мен өкілеттіктері Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне беріле отырып, Ұлттық экономика министрлігі қайта құрылды. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бірқатар функциясы мен өкілеттігі Ішкі істер министрлігіне беріліп, қайта ұйымдастырылды.

Дереккөз: 24.kz

Елбасы Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы Жарлыққа қол қойды

Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында

ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Мыналар:

1) Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне: халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру; құзыреті шегінде шет мемлекеттердің уәкілетті органдарымен және халықаралық ұйымдармен көші-қон процестерін реттеу саласындағы ынтымақтастықты ұйымдастыру және жүзеге асыру саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып;

2) Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квоталарын, шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізу, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көшіп-қонушыларды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету, еңбекші көшіп-қонушылар мен этникалық қазақтардың бірыңғай дерекқорын қалыптастыру, құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны туралы заңнамасының сақталуын бақылау жөніндегі функциялар мен өкілеттіктерді қоспағанда, көшi-қон саласындағы мемлекеттік саясатты ведомствоаралық үйлестіру және іске асыру, көші-қон процестерін мониторингтеу, талдау және болжамдау саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, қайта ұйымдастырылсын.

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) қайта бөлiнетiн штат саны шеңберінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитетін құруды;

2) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдар арасында штат санын қайта бөлуді;

3) 2017 жылғы 1 сәуірге дейін Қазақстан Республикасының 2017-2021 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасын әзірлеуді;

4) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.

3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.  

 

Қазақстан Республикасының Президенті                                                                                                                     Н.Назарбаев

Астана, Ақорда, 2016 жылғы 30 желтоқсан                                                                                                                                            

                                                                                                                   № 401                                                                                                                                                           

Дереккөз: 24.kz

Елбасы Н.Назарбаев мәдениет саласына мемлекеттік стипендия тағайындады

2016 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясын беру туралы Өкім. 1. Осы өкімге қосымшаға сәйкес 2016 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясы берілсін. 2. Осы өкім бұқаралық ақпарат құралдарында жариялансын.

Қазақстан Республикасының       

         Президенті                                                              Н.Назарбаев

Астана, Ақорда, 2016 жылғы 30 желтоқсан            

           № 139

қосымша http://24.kz/kz/zha-aly-tar/basty-zha-aly-tar/item/157004-memlekettik-stipendiya 

Мемлекет басшысы қысқа мерзімді демалысқа шықты

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қысқа мерзімді демалыста, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.  

Дереккөз: http://24.kz

Қ.Омаров ҚР БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі болып тағайындалды

Мемлекет басшысының Жарлығымен Қайрат Ермекұлы Омаров Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі болып тағайындалды, ол Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылды.

Дереккөз: 24.kz

Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің бірінші отырысына қатысты

Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының қауіпсіздік кеңесінің биылғы жылғы бірінші отырысына қатысты. Жиында Африкадағы жанжал мен Таяу Шығыстағы ахуал сөз болды. Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау БҰҰ-ның өзекті мәселесіне айналған. Осыған орай, ұйым 10 қаңтарда «Қақтығыстарды болдырмау және бейбітшілікті сақтау» атты жоғары деңгейдегі ашық пікірсайыс өткізуді жоспарлап отыр. Оған ұйымның Бас хатшысы Антониу Гутерришпен қатар Қауіпсіздік кеңесіне мүше елдердің сыртқы істер министрлері қатысады деп күтілуде. Ал, қаңтардың 17-сі күні Таяу Шығыстағы ахуал, оның ішінде Палестинадағы жағдайды талқылайтын дәстүрлі жиын өтеді. Айта кету керек, бұл айда Сириядағы химиялық қарудың ережелері мен Ирактағы Мосулға қатысты гуманитарлық аспект, сондай-ақ Конго, Орталық Африка Республикасы, Кипр, Мали және Колумбия елдеріндегі мәселелер талқыға түсіп, бірқатар құжат қабылданады. Ал Қазақстанның төрағалық етуімен өтетін отырыста «Ирак және Левант», «Әл-Каида» лаңкестік ұйымдарымен күрес, Сомали және Эритреядағы қауіпсіздік жайы қозғалады.

Дереккөз: 24.kz

ПАЙДАЛЫ СІЛТЕМЕЛЕР

 

120700, Қазақстан Республикасы, Қызылорда облысы, Шиелі кенті, Т.Рысқұлов көшесі №6.

  • Қабылдау бөлмесінің тел: 8 (72432) 4-22-00
  • Хаттар қабылдайтын бөлімнің телефоны:         8 (72432) 4-30-74
  • Факс: 4-28-00
  • E-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.                                   This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

КІРУШІЛЕР ЕСЕБІ

БүгінБүгін1118
КешеКеше2102
Осы аптадаОсы аптада6753
Осы айдаОсы айда61271
БарлығыБарлығы567676
Сіздің IP адресіңіз: 54.198.139.134
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
ШИЕЛІ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Web Builder интернет-студиясы
Фонның түсі
Тексттің түсі
Қаріптің көлемі
Қаріптің түрі