13000-нан астам салымшы БЖЗҚ-ның «Мобильдік кеңсе» қызметін пайдаланды

БЖЗҚ әрбір салымшының қамын ойлап, көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға және ақпарат берудің қосымша ыңғайлы жолдарын жасауға күш салуда. БЖЗҚ-ның салымшылармен қарым-қатынас орнату тәсілдерінің бірі – салымшыларға (алушыларға) барып қызмет көрсететін «Мобильдік кеңсе». Жобаның негізгі мақсаты – халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қолдау, мүгедек адамдарға ақпараттық-кеңес бере отырып, көмек көрсету, сондай-ақ салымшыларға (алушыларға) зейнетақы қызметтерін БЖЗҚ кеңселерінен тыс жерлерде де барынша сапалы көрсету. Басқа сөзбен айтқанда, қандай да бір себептермен, әсіресе денсаулығына байланысты БЖЗҚ кеңсесіне келе алмайтын адамдарға Қор мамандары өздері барып қызмет көрсетеді.  

«Мобильдік кеңсе» аясында барлық өңірде БЖЗҚ-ның өздері барып қызмет көрсететін мамандарының командалары құрылды. БЖЗҚ қызметкерлері салымшымен (алушымен) келісе отырып, оған ыңғайлы уақыт пен кеңес беретін орынды белгілейді, мүмкіндігі шектеулі адамдарға Қордың деректер базасына енгізіп, тиісті қызмет көрсету үшін қажетті құжаттар топтамасын жинауға және оларды Қорға жеткізуге көмектеседі.  

2016 жылғы қаңтардан қазан айына дейінгі аралықта Қор қызметкерлері төлемдер алуға құқылы, бірақ Қорға келіп өтініш жасамаған І және ІІ топтағы мүгедек (мүгедектігі мерзімсіз белгіленген) 13 192 алушымен байланысқа шықты. Бұл тізімнің ішінен төлемдерді 10 788 адам алып үлгерді. Бұған қоса, зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттардағы салымшылар деректемелерін өзгерту,  шарттардың телнұсқаларын беру, хабарлау тәсілін өзгерту секілді қосымша қызметтер де көрсетілді. Жасалған операциялардың жалпы саны 38 374-ке жетті.

Статистика бойынша БЖЗҚ мамандарының мүмкіндігі жоқ адамдарға барып қызмет көрсетуі өңірлерге бөліп қарастырған кезде былай көрінеді. 

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ «26» қазан 2016 года

2016 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша «БЖЗҚ» АҚ ағымдағы көрсеткіштері

 

БЖЗҚ-ның әрбір 4-ші салымшысы зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпаратты алу тәсілі ретінде хабарлаудың электрондық тәсілін таңдады.

Алматы, Қазақстан – 2016 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы шамамен 6,5 трлн. теңгені құрады. 2016 жылдың басынан бері зейнетақы жинақтары 668 млрд.теңгеге немесе 11,5% артты.

2016 жылдың 9 айында түскен зейнетақы жарналарының сомасы 510 млрд. теңгені құрады. Бұл ретте, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап әскери қызметшілер мен әлеуетті құрылымдар қызметкерлерінің пайдасына 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін бюджет қаражаты есебінен аударылған міндетті зейнетақы жарналары сомасының 50 пайызын қайтару жүзеге асырылуда. Осылайша, 2016 жылдың тоғыз айында мұндай қайтарулардың жалпы сомасы 145,7 млрд.теңгені құрады.

2016 жылдың тоғыз айында салымшылардың ЖЗШ-сына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 432,57 млрд. теңге.

2016 жылғы 1 қаңтардан бастап 30 қыркүйек аралығында БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша табыстылық құнсызданудың 5,6% деңгейінде 7,3% құрады.

«БЖЗҚ» АҚ сайтына (www.enpf.kz) жүйелі түрде инвестициялық қоржынның құрылымы туралы толық ақпарат орналастырылады және инвестициялық қызметке шолу жасалады.

2016 жылдың 9 айында БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерінің сомасы – 130,45 млрд. теңге, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына аударымдар – 14,61 млрд. теңге.

Барлық шарттардың түрі бойынша салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарының саны 10,11 млн.бірлікті, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары есебінен 9,66 млн. бірлікті құрады. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың ЖЗШ саны 411 мың, ал ерікті зейнетақы жарналары бойынша 39 мыңды құрады. 

Бүгінде салымшы (алушы) жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты БЖЗҚ-ның 232 дербес қызмет көрсету орталығының бірінен, пошта байланысы арқылы, электрондық пошта арқылы, www.enpf.kzсайтынан немесе ұялы қосымша арқылы ала алады. 2,5 миллионға жуық адам немесе әрбір 4-ші салымшы зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпарат алу тәсілі ретінде хабарлаудың электрондық тәсілін таңдаған. Осылайша 214 мыңға жуық адам үзінді көшірмені электрондық мекенжайға алады және 2,3 миллион адамның сайт арқылы немесе әртүрлі операциялық жүйелерде жұмыс істейтін смартфондар мен планшеттерге арналған «ENPF» ұялы қосымшасы арқылы ақпарат алу мүмкіндігі бар. Жыл басынан бері ұялы қосымшаны жүктеп алу саны 245 мыңнан астамға артқан және 2016 жылғы 1 қазанда жүктеп алу 357,9 мыңға жетті. Оның ішінде Android платформасындағы қосымшаны 289,6 мың рет жүктеп алған, iOS – 62,2 мың, Windows Phone – 6,1 мың.

2015 жылдың ақпан айында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының (алушысының) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат (инвестициялық табыс ескерілген) беру» қызметін  іске қосқан сәттен бастап 2016 жылғы 1 қазанға дейін электрондық үкімет порталы арқылы салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарынан 330 мың үзінді көшірме берілген.Салыстырып көріңіз, жыл басында портал арқылы 125 мың үзінді көшірме берілді.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді.

Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

                                           

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz

                                                                                    

ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯ БОЙ КӨТЕРУДЕ

Ақмая ауылында жаңадан дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл – ауыл халқы үшін үлкен қуаныш. Дәрігерлік амбулатория пайдаланылуға берілгенде ауыл тұрғындары аудан орталығындағы емханаға бармай-ақ, осында керекті ем қабылдап, денсаулықтарын жақсарта алады

ШИЕЛІ ОБЛЫСТА ҮЗДІК АТАНДЫ

Дала академигі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері болған Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығына арналған мерекелік шаралар кеше яғни, 21 қазанда облыс  орталығынан бастау алды.

Алдымен, Қызылорда қаласындағы А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде «Дала академигі – Ыбырай» атты ғылыми танымдық конференция өтті.

Онда Ыбырай Жақаевтың өнегелі өмірі мен ғибратты ғұмыры негізгі тақырыпқа айналды. Мерекелік шара түстен кейін қала орталығындағы «Еңбек аллеясында» жалғасты. Бұл жерде жұртшылық Ы.Жақаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ақ күріштің атасына құрмет көрсетті.

Мерейтой Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрда жалғасты. Бұл жерде ауыл шаруашылығы өндірісінің озаттары марапатталды. Шиелілік еңбеккерлерден Б.Қошқаров «Озат көкөніс өндіруші», С.Ермаханов «Озат өңдеуші» аталымдары бойынша марапатталса, Ж.Рахатовқа 1 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Сондай-ақ, Ж.Cлиевке «Еңбек ардагері» медалі, Д.Жұмбековке «Ауылшаруашылығының үздігі» төсбелгісі, Е.Баймаған бетовке «Ы.Жақаев» медалі табысталды. Жоғары нәтижеге қол жеткізген Шиелі ауданы облыс бойынша ауыл шаруашылғы саласының үздігі атанды.

КӨЛІКТЕРДІ ТІРКЕУ ЖЕҢІЛДЕДІ

Бұдан былай әрбір азамат қай жерде тіркеуде тұрғанына қарамай, көлікті сатып алған қалада тіркеуіне болады. Мысалы, сіз Қызылордада тіркелгенсіз, ал машинаны Шымкентте сатып алдыңыз. Енді сізге транзиттік нөмір алу қажет емес. Көлікті Шымкенттің өзінде тіркей аласыз.

Ол үшін автокөліктер иелеріне арналған арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарына немесе әкімшілік полицияның облыстық тіркеу пункттеріне бару керек. Жаңа тәртіп, әсіресе, бір қалада тіркеуде тұрып, басқа қалада жұмыс істейтіндер үшін ыңғайлы. Өйткені, машина сатып алған соң оны тіркеу үшін әрі-бері жүру қажет емес. Жаңа тәртіп 2016 жылдың 26 қыркүйегінен күшіне енді. Ол Қазақстанда тіркелген жеке және заңды тұлғалардың бәріне ортақ. Бүгінде әр азамат жүргізуші куәлігін өзінің қай жерде тіркеуде тұрғанына қарамай кез келген облыстағы автокөлік иелеріне арналған қызмет көрсету орталықтарынан алуына болады. А, А1, В, В1 категориялары үшін авто-мектептерде оқу міндет емес. Яғни, азаматтар өздігінен дайындалып, емтиханды арнайы қызмет көрсету орталықтарында тапсыра алады. Бұрын жоғалып немесе бүлінуіне байланысты техпаспорттың дубликатын алу керек болғанда, автокөлікті тексерту керек болатын. Енді мұның қажеті жоқ.

ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСҚАНДАРДЫҢ САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Халықты жұмыспен қамту мақсатында ел Үкіметі тарапынан бірқатар шаралар атқарылуда. Мемлекет «Бизнестің жол кар-тасы – 2020», «Жұмыспен қамту – 2020», «Дипломмен ауылға» сынды тағы да басқа бірнеше бағдарламаларды қабылдап, елдің игілігіне қолдануда. Аталған бағдарламалар біздің ауданда да өз дәрежесінде орындалып, жылдан-жылға жұмысқа орналасқан азаматтардың саны артып келеді.

Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің ғимаратында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді.

Жалпы, жәрмеңкеге кентіміз бен ауылдық жерлерден келушілердің саны көп болды. Қандай бос жұмыс орнының бар екенін білгісі келген адамдардың ұзын-сонар кезегіне қарап, шараның өз деңгейінде ұйымдастырылғандығын білуге болады. Аудандық жұмыспен қамту орталығының мәліметіне сүйенсек, жәрмеңкеге 200-ден аса жұмыс іздеуші қатысыпты. Негізі, бұл жолғы жәрмеңкеге 15 жұмыс беруші 52 бос жұмыс орнын ұсынған. Нәтижесінде 17 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, аудан көлеміндегі мемлекеттік мекеме-лер мен ауылдық округтерге 151 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған. Олар санитарлық тазалық және құжаттарды түптеп, реттеу секілді жұмыстарды істейтін болады.

 Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл санап жұмыссыз адамдардың саны азайып келеді екен. Шиелі ауданы бойын-ша жұмыссыздық деңгейі 2009 жылы 6,6 пайызды көрсетсе, 2015 жылы 5 пайызды құрап отыр. Осыған қарап-ақ жұмысқа орналасқандардың саны артып келе жатқанын аңғаруға болады

БЖЗҚ туралы 5 сауал

Зейнетақы жинақтары еңбекақыдан құралады

Бүгін біз БЖЗҚ туралы 5 сауал айдарында БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотына міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты, уақытылы және толық аудару қажеттілігі туралы айтамыз. Сіздің белсенді еңбек қызметі аяқталғаннан кейінгі қамсыздандыруыңыз елеулі дәрежеде осыған байланысты.

  1. БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшері неге байланысты?

БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшері БЖЗҚ-ға уақытылы аударылған зейнетақы жарналарының көлеміне, жиілігіне, ұзақтығына және толықтығына тікелей байланысты. Осыған орай БЖЗҚ салымшыларға БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу бойынша агенттер аударымдарының уақытылы және толық болуын тұрақты түрде өз бетінше бақылауға кеңес береді. Зейнетақы жинақтарыңызды кез келген БЖЗҚ бөлімшесіне барып не интернет-хабарландыруды таңдап тексере аласыз.

  1. Кім зейнетақы жарналарын төлеу бойынша агент бола алады?

Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртiппен мiндеттi зейнетақы жарналарын, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарын есептейтiн, ұстап қалатын (есебіне жазатын) және БЖЗҚ-ға аударатын жеке немесе заңды тұлға, сонымен қатар қызметiн Қазақстан Республикасында шетелдiк заңды тұлғалардың тұрақты мекемесi, филиалдары, өкілдіктері арқылы жүзеге асыратын шетелдiк заңды тұлға агент бола алады. Басқа сөзбен айтқанда, агент – сіздің жұмыс берушіңіз.

  1. Агенттің міндеттері қандай және оларды бұзғандағы жауапкершілігі қандай?

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының (бұдан әрі - Заң) 39-бабының 10-тармағына сай агент БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарын және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын уақытылы есептеуге, ұстап қалуға (есепке жазуға) және төлеуге міндетті. 

Заңның бұл нормалары бұзылса, нақты төленген және қызметкер кіріс алған жағдайда, агент уақытылы ұстап қалмаған (есебіне жазбаған) және (немесе) аудармаған міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомасын мемлекеттік кіріс органдары өндіріп алады немесе агенттер мерзімі өткен әрбір күнге (Мемлекеттік корпорацияға төлейтін күн қосылады) уәкілетті орган белгілеген қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің 2,5 еселенген мөлшерінде есептелген өсімпұлмен бірге міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының пайдасына, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленетін қызметкерлердің пайдасына аударуы тиіс (Заңның 28-бабының 1-тармағы).

Сонымен қатар, Заңның 29-бабының ережелеріне сәйкес агенттер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiпке сәйкес әрбiр қызметкер бойынша есептелген, ұсталған (есебіне жазылған) және аударылған мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын бастапқы есепке алуды жүргiзуге мiндеттi жәнемiндеттi зейнетақы жарналарының салымшылары мен мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары төленетін қызметкерлерге есептелген, ұсталған (есебiне жазылған) және аударылған мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары туралы мәлiметтi есептiден кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей ай сайын ұсынуға мiндеттi.

  1. Зейнетақы жинақтары жоқ не жеткіліксіз адамдар не істеуі керек?

 БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары жоқ не зейнетақы жарналары тұрақсыз аударылатын тұлғаларға, сондай-ақ жұмысқа орналасқысы не қосымша жұмыс істегісі келетін адамдарға Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Тұлғаларға жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді нысандарына қатысуға жолдамалар беру» мемлекеттік қызметінің стандартын әзірлегенін хабарлаймыз, қызметті Астана және Алматы қалаларының, облыстық маңызы бар аудандардың және қалалардың жергілікті атқарушы органдары, оның ішінде облыстардың Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары мен Астана және Алматы қалаларының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары тегін көрсетеді.

  1. Бұл қызметті пайдалану үшін не істеу керек?

Мемлекеттік қызметті пайдалану үшін жергілікті атқарушы органдарға (мекенжайларын және байланыс телефондарын қоса беріп отырмыз) не www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталына өтініш білдіру қажет.

Аталған мемлекеттік қызметті көрсетудің түпкі мақсаты – өтініш білдірген тұлғалардың жұмысқа орналасуы.

Бұл ақпарат сізге пайдалы болады және БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарыңыздың өсуіне, оның ішінде жұмысқа орналасу арқылы өсуіне, осыған орай сіздің БЖЗҚ-дан алатын болашақ зейнетақыңыздың мөлшерінің ұлғаюына көмегі тиеді деп үміттенеміз.

БЖЗҚ байланыс орталығы 14-18(Қазақстан аумағында қоңырау шалу

тегін)www.enpf.kz

АЛТЫБАҚАН АЛТЫБАҚАН АЯСЫНДА АЯСЫНДА ӘН МЕН ЖЫР ТЕРБЕЛДІ

Еңбекші ауылдық  мәдениет  үйінде “Алтыбақан аясында тербеледі ән мен жыр” атты аудандық өнер байқауы болып өтті.

Байқауды ауыл әкімі Б.Омаров  құттықтау лебізімен салтанатты түрде  ашып берді. Шараға 19 ауылдан келген өнерпаздар қатысты. Сайыс барысында қатысушылар гір көтеру, қол күрес, халық әндерін орындау кезеңдері бойынша бақ сынады.

Қорытындысында әділқазылар алқасы ның шешімімен ІІІ орын Бо-табай мен Жиделі ауылдарынан келген командаларға бұйырса, ІІ орын-ды Алмалы ауылынан келген команда иеленді. Жүлделі І орынды сұлутөбелік өнерпаздар алса, бас жүлдені Ортақшыл ауылы қанжығасына байлады. Шара соңында барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен сыйлықтар тапсырылды. Сайыс өз дәрежесінде қызықты әрі тар-тымды өтті. Жастар алтыбақан теуіп, алау жағып, сайысымыздың сәнін келтірді. Тұрғындардың уақытын тиімді өткізуге, салауатты өмір салтын  дұрыс қалыптастыруға арналған осындай шаралар жиі болып тұрса дейміз.

КӨШЕЛЕР ЖЕР-СУ АТТАРЫМЕН АТАЛАДЫ

Аудандық баспасөз орталығындағы есеп беру кезегі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әшімхан Оспановқа келді. Биылғы жылы бұл салада бірнеше ауқымды шаралар атқарылуда. Оған қоса, өңірде Тәуелсіздіктің 25 жылдығы, Ы.Жақаевтың 125 жылдығын ерекше атап өту де аталмыш салаға тікелей байланысты. Жалпы, өңіріміздегі аудандық мәдениет үйі, «Арман» кенттік мәдениет үйі мен 25 мәдени ошақтар мен өңірдегі 5 халықтық ұжым және 2 мәдени-демалыс кешені халыққа үздіксіз қызмет етіп келеді.

Үстіміздегі жылы аудандық мәдениет үйі, Алғабас, Бала би ауылдық мәдениет үйлері мен Ақмая ауылдық клубына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Жақаев ауылынан құны 36 млн. теңге тұратын музей даңқты диқанның мерей тойы қарсаңында пайдалануға берілетін болады. Оған қоса, тілдерді дамыту мен қолдану аясындағы және жоспарланған танымдық, ақпараттық және мәдени көпшілік шаралар, оның ішінде тілдің үштұғырлығын аудан арасында насихаттау мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, барлық ұйымдар мен кәсіпорындарда, мектептерде, балабақшаларда тілдер туралы заңдылықтарды сақтауға байланысты ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Сонымен қатар, мемлекеттік тілдің беделін арттыру мақсатында бірнеше байқаулар ұйымдастырылған. Ендігі мәселе жоғарыда аталған Бала би ауылдық мәдениет үйі мен Ақмая ауылындағы клубтың жөндеу жұмыстарының аяқталмауында. Күн болса суып кетті. Ал, бөлім басшысы құрылыс жұмыстарының дер кезінде аяқталмауын мердігерлердің кінәсі дейді. Бұдан бөлек, мәдениет бөлімінің басшысы көшеге есім беру мәселесіне тоқталды. Айтуынша, алдағы уақытта көшелерге адам есімдері емес жер-су аттары көбірек берілетін болады.

ІРІКТЕУ ЖАРИЯЛАНДЫ

Астанада ЭКСПО – 2017 көрмесіне еріктілерді іріктеу науқанының екінші кезеңі басталды.

Бұған дейін 3000 ерікті тестілеуден өткен болатын. Көрме аясында бірнеше ауқымды іс-шаралар мен форумдардың өтуіне, сонымен қатар, қатысушылардың саны ұлғаюына байланысты тағы да 1500 ерікті қосылады деп жоспарлануда.ЭКСПО – 2017 еріктілері қатарына 18 бен 80 жас аралығындағы қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білетін кез келген жан қосыла алады. Алғашқы тестілеуді жоғары оқу орындарының студенттері тапсырса, Алматы қаласы мен өзге өңірлерде күз мезгілінің соңында іріктеу жүргізілетін болады. Естеріңізге сала кетейік, көрме 2017 жылдың 10 маусымынан 10 қыркүйек аралығында Астана қаласында өткізіледі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Юрий Лужковты қабылдады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Юрий Лужковты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Елбасы кездесу барысында Ю.Лужковтың Астана мен Мәскеу арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға сіңірген еңбегін атап өтіп, оны 80 жасқа толған мерейтойымен құттықтады. Мәскеу қаласының бұрынғы мэрі Мемлекет басшысын және барша қазақстандықтарды республика Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, көрсеткен құрметі мен кездесуге мүмкіндік туғызғаныНұрсұлтан Назарбаевқаүшін алғысын білдірді.

Дереккөз:24.kz

Ә.Жақсыбеков: Министрліктердің штатын қысқарту қажет

Әділбек Жақсыбеков ұзақ уақыт бойы бос орындарды ұстап, жұмысқа адам алмай жатқан министрліктерді сынға алды. Оның сөзінше, ондай ведомстволардың штатын қысқарту қажет. Бұл жөнінде Президент Әкімшілігінің басшысы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бүгінгі кеңейтілген мәжілісінде мәлімдеді. Айтуынша, мемлекеттік қызмет саласында мамандардың жиі ауысуы басты проблемалардың бірі болып отыр. Соған қарамастан, Қаржы министрлігінде 970 қызмет орны бос тұрса, Ұлттық экономика министрлігінде 900-ден астам, ал Ауыл шаруашылығы министрлігінде 280 қызметке әлі адам ала қоймаған. Облыстық және аудандық әкімдіктерде де солай болып тұр. Әділбек Жақсыбеков, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы: - Негізі, бос тұрған жұмыс орындарының көптігі, басшылардың жиі ауысуы мемлекеттік қызмет аппаратының жұмысына кері әсерін тигізіп отыр. Бізге осыны жан-жақты зерделеп шығу қажет. Қазіргі жағдайға не себеп болды? Неге ол орындар бос тұр? Бәлкім, сол министрліктердің штатын қысқартамыз. Соның арқасында біраз ақшаны үнемдеуге болады.

Дереккөз: 24.kz

30 қазанда мәслихат депутаттары сайланады

Алдағы жексенбіде еліміздің он аймағында аудандық және облыстық мәслихат депутаттығына сайлау өтеді. 30 қазанға белгіленген саяси додаға барлығы 92 үміткер тіркелген. Олардың алпыс екісі өзін өзі ұсынған. Өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған депутаттардың орнын басуға үміттілердің үгіт-насихат жұмыстарына қаржы қарастырылған. Мысалы, облыстық маслихат депутаттығына үміткерлер 280 мың теңге алса, аудандық мәслихат сайлауына қатысатындардың әрқайсысына 165 мың теңге бөлінеді. Орталық сайлау комиссиясы он аймақта да дайындық жұмыстары тыңғылықты жүріп жатыр деп мәлімдеді. Марат Сәрсембаев, ҚР ОСК мүшесі: - Бүкіл еліміз бойынша шықпаған депутаттардың орнына сайлау жүргізіледі. 30 округте бүкіл еліміз бойынша 223 сайлау комиссиясы жұмыс істейді. 30 окургтік комиссия, 160 учаскелік комиссия жұмыс істеп, науқанды өткізеді.

Дереккөз:24.kz

Н.Назарбаев Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты қабылдады

Н.Назарбаев Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты қабылдады. Елбасы қабылдауында болған Қуандық Бишімбаев еліміздің 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және көлік инфрақұрылымын дамыту мен экономиканы қолдаудың негізгі тетігі болып отырған «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалу барысы туралы баяндады. Елбасы экономикалық даму қарқынын одан ары жеделдету, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру, басты мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру үшін бюджет пен Ұлттық қордан бөлінетін қаражатты ұтымды әрі тиімді пайдалану керектігіне баса назар аударды. Қуандық Бишімбаев индустриялық бағдарлама нәтижесінде дайын өнімді шығаратын салалар жоғары өсім көрсеткенін атап өтті. Қуандық Бишімбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі: - Экономиканың даму қарқыны бірінші жартыжылдықтан кейін ұлғайды. 0,4 пайызды құрайды. Оған себеп болған «Нұрлы жол» бағдарламасы және Үкіметтің Ұлттық банкпен бірлесіп атқарылған антикризистік жоспар. Қызмет шығарылуы 0,4 пайызға ұлғайды.

Дереккөз: 24.kz

Қазақстан Doing Business рейтингінде алты сатыға жоғарылады

Қазақстан Doing Business рейтингінде 41-орыннан 35-орынға көтерілді. Doing Business көрсеткіштері бойынша, Қазақстан, Бруней, Кения, Беларусь, Индонезия, Сербия, Грузия, Пәкістан, БАӘ және Бахрейн 2015-2016 жылдары экономикасы елеулі ілгерілеген мемлекеттер қатарына енді. Осы жылғы рейтингте Жаңа Зеландия көш бастап, ондаған жылдар бойы тақтан түспеген Сингапурды екінші орынға ығыстырды. Сонымен бірге, үздік ондықта Дания, Гонконг, Корея Республикасы, Норвегия, Ұлыбритания, АҚШ, Швеция және Македония сынды елдер де бар. 
Дереккөз: 24.kz

Подробности официального визита Н.Назарбаева в Саудовскую Аравию (2)

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Саудпен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. Келіссөздер барысында екі елдің көшбасшылары Қазақстан мен Сауд Арабиясы ынтымақтастығының негізгі бағыттарын, атап айтқанда, сауда-экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды нығайту перспективаларын талқылады. Сондай-ақ тараптар өзара іс-қимылдың түрлі салаларында, соның ішінде ауыл шаруашылығында зор әлеуетке қол жеткізілгенін және қарқынды даму бар екенін атап өтті. *** Мемлекет басшысының Сауд Арабиясына ресми сапары аясында төмендегідей құжаттарға қол қойылды: - Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы Сотталған адамдарды беру туралы шарт; - Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы Адамдарды ұстап беру туралы шарт; - Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісім; - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум.

Дереккөз: 24.kz

Қазақстан-Сауд Арабиясы ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілді

Қазақ пен арабтың достық қарым-қатынасы стратегиялық серіктестікке ұласты. Елдің сыртқы саясаты туралы жылнамаға осылай деп қазірден жаза беруге болады. Себебі Сауд Арабиясымен арадағы байланыс бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеріледі. Саудиялық іскерлер еліміздің жер қойнауын барлауға миллиондар бөліп, инновациялық зауыттар тұрғызуға ниетті екендерін жеткізді. Шикізат, өндіріс, ауыл шаруашылығы саласында да алыс-беріс жанданады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Саудпен де келелі кездесу өткізді. Сапар барысында бірнеше екіжақты келісімдерге қол қойылды. Еліміздің сыртқы саясаты жүйесінде Таяу Шығыс аймағы маңызды орын алады. Мұнда қомақты адами және экономикалық ресурстар, әлемдік көмірсутегі шикізат қорының үштен екі бөлігі шоғырланған. Аталған факторлар қазіргі халықаралық қатынастардағы Таяу Шығыстың рөлін әрі қарай арттыра бермек. Ал бұл өңірдегі ең ықпалды және бай мемлекеттердің бірі – Сауд Арабия Корольдігі. Қазақстан мен Корольдікті не байланыстырады? Ең алдымен Саудия 1991 жылы араб және мұсылман елдерінен бірінші болып Қазақстан тәуелсіздігін таныған мемлекет. Ал арадағы ресми дипломатиялық байланыс 1994 жылы орнаған. Бүгінге дейінгі екі ел арасындағы қарым-қатынастардың нәтижелері қандай деген сұраққа жауап іздесек, өткен жылдың қорытындысы бойынша алыс-беріс пен барыс-келіс16 млн доллардан асқан. Ал соңғы он жылда Корольдік тарапынан Қазақстанға құйылған инвестиция көлемі 85 млн долларға жетті. Демек, жеріміз шектесіп, шекарамыз түйіспесе де, серіктестікті дамытуға негіз бар. Араға 12 жыл салып Сауд Арабиясына сапарлап барған Қазақ көшбасшысының да мақсаты осы. Қазақстан Президентін арнайы шақырған Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Сауд үзеңгілесін ерекше ілтипатпен қарсы қарсы алды. Бұл – Сауд Арабиясы Королінің жетінші тақ мұрагері. Өткен жылдың басында билікке келген ол елімізбен етене араласуға ынталы. Сол себепті де қос көшбасшы Қазақстан мен Сауд Арабиясы ынтымақтастығының негізгі бағыттарын талқылады. Шара барасында  Сауд Арабиясының Королі мырзалығымен қоса қонақжай екенін де байқатты. Мұндай қошеметтен кейін екіжақты келіссөздердің нәтижелі болатындығы айдан анық. Мемлекет басшылары Қазақстан-Сауд Арабиясы қарым-қатынасының келешегі туралы пікір алмасса, қос елдің мамандары бірқатар келісімге қол қойып, шарапаты мол, пайдасы зор құжаттарды бекітті. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Ислам Даму банкінің Президенті Бандар бен Мұхаммад Хаджармен кездесті. Кездесуде тараптар Қазақстан мен Ислам даму банкі арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Мемлекет басшысы еліміздің экономикасын нығайтуға және халқымыздың әл-ауқатын арттыруға Ислам даму банкі елеулі үлес қосқанын атап өтті. Бүгінгі таңда банк пен Қазақстанның ортақ жобаларының жалпы құны 1,3 млрд доллардан асқан. Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: - Бүгін осы жерде кездескеніме қуаныштымын. Бұл лауазымға сайлануыңызбен құттықтаймын. Қазақстан мен банк арасындағы қарым-қатынас тығыз болады деп сенемін. Бұрыннан да біздің қатынасымыз жақсы. Біздің адамдармен кездестіңіз, ой алмастыңыз, біздің жағдайымызды білдіңіз. Қазір мына қаржы орталық болайын деп жатырмыз. Сіздің банктің қатынасатынына сенемін. Бандар бен Мұхаммад Хаджар, Ислам даму банкінің президенті: - Жоғары мәртебелі Президент мырза! Өзіңізбен кездескеніме қуаныштамын. Мен үшін Ислам даму банкімен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың тұрақты дамып отыруы үлкен мәртебе. Және Қазақстан мен банк арасындағы ортақ жобалардың жалпы көлемі 1 млрд 300 млн доллардан асқанын атап өткім келеді. 2015 жылы банк тарапынан 665 млн долларға төрт жоба бекітілді. Болашақта банк Қазақстанның экономикалық жобасына қатысуға ниетті екенін хабарлаймын. Бұдан кейін Елбасы Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Ийяд Амин Маданимен де жүздесті. Тараптар Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған, бүгінде құрамына 32 ел кіретін халықаралық азық-түлік қорының жұмысын ілгерілету мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ бас хатшы Нұрсұлтан Назарбаевты Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтап, Елбасының аймақтық қақтығыстарды реттеуге бағытталған барлық бастамаларын қолдайтынын айтты. Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: - Енді Қазақстанмен ынтымақтастық өте тығыз. Ыстамбұлда Сізбен кездесіп, барлық нәрсені талқыладық. Бізде ғылыми техника жағынан Ислам елдерінің конференциясы өтейін деп жатыр. Менің ұсынысым солай болатын. Сізді қатысады деп сенемін. Ийяд Амин Мадани, Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы: - Өзіңіз атап өткендей, келесі жылдың қыркүйек айында Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылыми технология бойынша саммиті өтеді. Біз қазіргі кезде Қазақстанның сыртқы істер министрімен тығыз жұмыс жүргізіп, саммитті жоғары деңгейде өткізуге барымызды саламыз. Өзіңіз бастама көтерген азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ұйымда жұмысын бастады. Астанада өткен соңғы жиналыстың қорытындысы бойынша бұл ұйым жұмысына кірісті. Қазіргі уақытта сол аталған ұйымның жарғысына қол қойған елдердің саны отыз екіден асты. Күн тәртібінің тығыздығына қарамастан Елбасы Amiantit Group компаниясының вице-президенті ханзада Турки бен Мұхаммад бин Фахдпен де кездесу өткізді. Су инжинирнг және мұнай газ саласына арналған құбыр шығаруға мамандалған компания басшысы Елбасына еліміздегі қолайлы инвестициялық жағдай үшін шексіз алғысын білдірді. Қазақ көшбасшысымен кездесуге Сауд Арабиясы Корольдігінің аш-Шура Меджлисінің басшысы Абдуллах ибн Мұхаммед Әл-Шейх те ерекше құлшыныс танытты. Тараптар әңгіме барысында екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру қажеттігін атап өтіп, қол жеткізілген уағдаластықтар толықтай іске асатындығына сенім білдірді. Сауд Арабия Корольдігі әлемдегі ірі мұнай ресурстарын иеленуші және қара алтынды экспорттау жөнінен көш бастап тұрған бірден бір ел. Дүниежүзіндегі мұнай қорының төрттен бірі осы мемлекеттің жер қойнауында шоғырланған. Мұнай елге экспорттан түсетін пайданың 90%-ын құрайды. Корольдік Таяу Шығыс елдері арасында экономикалық тұрғыда аса дамыған ауқатты ел деп танылған. Мұндай марқасқа елдің өзге мемлекетке күні қарауы мүмкін емес. Дегенмен де саудиялықтар интеграцияның маңыздылығын жақсы түсінеді. Табиғи байлықты тауыспай, табыс табудың өзге жолдарын қарастыруға мүдделі. Нұрсұлтан Назарбаев Корольдіктің ірі бизнес қожайындарымен кездесіп, Қазақстанның инвесторларға ұсынған мүмкіндіктерін баяндады. Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: - Сауд Арабия Корольдігінің басым бөлігі шөл дала болғанына байланысты мемлекет ауылшаруашылық техникасын, құрал-сайман сатып алуға және жол салуға өте көп қаражат бөледі. Соның арқасында бұл ел бидайды және басқа ауылшаруашылық өнімдерді экспортқа шығаруға мүмкіндік алды. Дегенмен, мұндағы мамандар қазақтың таза табиғи өнімдеріне қызығушылық танытты. Корольдікке қоспасыз дәнді дақылдар мен ет өнімдеріне сұраныс жоғары. Асқар Мырзахметов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі: - Елбасының Сауд Арабиясына жасаған ресми сапары екі елдің арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтерді деп айтуға болады. Екі елдің арасындағы осы саладағы жобаларды қаржыландыру үшін біздің жақтан «ҚазАгро» ұлттық қоры мен араб жағынан осы Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын «Салих» деген қормен біріккен қор құру мәселесін қазір қарастырып жатырмыз. Осы қор құрылған жағдайда Қазақстаннан өндірілетін ауыл шаруашылығы тауарларын Сауд Арабиясына тиімді жеткізу мәселесі. Яғни, логистика мәселесі. Ол қор құрылса, екі жаққа да тиімділігі аталып өтті. Саудиялықтар Қазақстанның жер қойнауын барлауға дайын. Metal Corners компаниясы біздегі полиметалл, алтын, күміс және мыс кендеріне геологиялық барлау жасау үшін 50 млн доллар бөлетін болды. Инвесторлар инновациялық зауыттар мен фабрикалар тұрғызуға да дайындықтарын жеткізді. Ғалым Нұржанов, «Қазгеология» геологиялық зерттеу компаниясы АҚ басқарма төрағасы: - Бүгін Сауд Арабиясының Metal Corners деген компаниясымен келісімшартқа қол қойып отырмыз. Бұл келісімшарттың сомасы – 50 млн АҚШ доллары. Осы ауқымда бұлар Қазақстанда геологиялық зерттеулерге инвестиция құюға дайын екендерін білдіріп отыр. Бұл енді болашақта алтын, күміс, мырыш пайдалы кендерін зерделеуге дайындығын білдіріп отыр. Сондықтан біз ойлаймыз, болашақта Қазақстанда үлкен кен орнын тапса, үлкен зауыт-фабрикалар салуға дайынбыз деді. Қос елдің кәсіпкерлері де келісіп әрекет етуге уағдаласты. Еліміздің «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Сауд Арабиясы Корольдігінің іскерлерімен алғаш рет ынтымақтастық жөнінде келісімге қол қойды. Құжатта инвесторларға тиімді салалар анықталып, жан-жақты қолдау шаралары жіктелген. Нұржан Әлтаев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары: - «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы жергілікті ұлттық сауда палатасымен бірлесіп, қол қойылды. Өздеріңіз білесіздер, бізде былтырдан бастап Араб мемлекетіне қой етін сату жақсы жасалған болатын. Өйткені теңгенің долларға шаққандағы бағамының өзгеруіне байланысты бұрын біздің бизнесмендерге онша қызық емес болатын, енді қазір курстың өзгеруіне байланысты бір қойдың басын 250 доллардан алып жатыр. Ол біздің Қазақстан бизнесі үшін өте қызық, өйткені 250 долларыңыз сексен мың теңгеге жақын. Ендеше жақын күндері арабтың дастарқанында қазақы қойдың еті тұрса, таң қалмаймыз. Осы және өзге де келісімдер нәтижесі бірер жылда көзге көрінер. Әріптестіктің артында әр елдің өз мүддесі жатыр. Екіжақты қатынастарда жинақталған оң тәжірибелерге қарамастан Қазақстан-Сауд Арабия ынтымақтастығының әлеуеті əлі де толық іске асырыла қойған жоқ. Бұған экономикалық көрсеткіштер дəлел. Бұл үдерісті тежеп отырған себептердің арасында екі мемлекетті жалғастырып жатқан тікелей көлік дәліздерінің болмауын ашық ашып айтуға болады. Алайда бұл сапар аясында рəсімделген уағдаластықтар арадағы байланыстың күре тамырына қан жүгіртіп, келешегіміздің кемелденуіне ықпал етпек. Алыста болса да бұл араб елімен экономикалық байланыс бар, саясатта да дүрдараздық танытқан кезіміз болмады. Халықаралық мәселелерде де ұстанымдарымыз ұқсас. Бұдан былай бұл байланыстың көкжиегі кеңейеді. Тек осы сапардың өзінде ғана құны 60 млрд теңгені құрайтын оннан астам келісімге қол қойылды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы Корольдігіне жасаған ресми сапарын қорытындылап, отандық бұқаралық ақпарат құралдары үшін өткізген брифинг барысында мәлімдеді. Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: - Сауд Арабиясына мемлекеттік ресми сапар шектік. Осы елдің Королінің шақыруы бойынша келдік. Елдің арасы алшақ логистика қиын болғандықтан біз көп келіссөздер жүргіздік. Екі елдің арасындағы іскери адамдарымен кездестік. Бізге деген көңіл. Біріншіден, екі ел арасында жол картасына қол қойылды, істік кеңес бойынша көп шаруалар жасалды. Іс адамдары 60 млрд теңгенің он конрактісіне қол қойды. Бұл тек қана басы деп санауға болады. Ауыл шаруашылығында қатынасуға мүдделі. Оңтүстік Қазақстанда құс фабрикасы, Астанада құбыр шығаратын жобаларға қол жеткіздік. Және ішкі саясат, сыртқы саясат жөнінде. Бұл сапардың негізгі мәні де мейлінше байланысты бекемдеу еді. Осы және өзге де келісімдер нәтижесі бірер жылда көзге көрінер. Авторлары: Елдар Бақпаев, Жанұзақ Боранбаев, Ержан Қанапияұлы, Алмас Омарғалиев, Хасен Омарқұлов

Дереккөз: 24.kz

ҚР Президенті Сауд Арабиясы Корольдігінің іскер топтар өкілдерімен кездесті

Кездесуге Сауд Арабиясының әлемдік деңгейде жұмыс жүргізетін жетекші компанияларының басшылары қатысты. Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы біздің елдің Таяу Шығыс аумағындағы негізгі серіктесінің бірі екенін айтты. «Екі ел арасындағы 2015 жылы 16,3 млрд долларға жеткен тауар айналымы көлемін бүгінде айтарлықтай арттыруға мүмкіндік бар. Қазірдің өзінде Корольдік компанияларының қатысуымен Қазақстанда 17 ұйым жұмыс жүргізуде», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті екі елдің экономикалық ынтымақтастығының перспективалы бағыттарын да атап өтті. Олардың арасында тау-кен металлургиясы кешені, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, қаржы және ислам банкингі, атом өнеркәсібі бар. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы сияқты Қазақстанның да табиғи ресурстарға бай екеніне назар аударды. «Соған қарамастан біз экономиканы әртараптандыруға бағытталған реформаларды іске асырудамыз. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – әлемнің ең озық 30 елінің қатарына қосылу. Бұл мақсатқа жетудің негізгі жолы елдегі кәсіпкерлікті дамыту, бизнеске барынша жеңілдіктер қарастырып, инвестиция тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау», - деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев іскерлік және инвестициялық ортаны жақсарту үшін Қазақстанда қолға алынып жатқан жүйелі шараларға тоқталды.   «Дүниежүзілік банктің «Бизнеспен айналысу жеңілдігі» рейтингінде Қазақстан 41-ші орынға ие болды. Бизнес үшін әкімшілік кедергілер мейлінше азайтылды. Қазір бізде 10 арнайы экономикалық аймақ құрылып, онда либералды салық режімі қолданыла отырып жұмыс жүргізілуде», - деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті Сауд Арабиясы кәсіпкерлерін индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға белсене қатысуға шақырды. «Өз кезегінде Қазақстан жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Мәселен, инвестор корпоративтік табыстан және жер салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазір республикада ірі мемлекеттік нысандарды жекешелендіру науқаны жүргізіліп жатқанын айтты. «Жалпы құны 10 миллиард доллар болатын 800-дей мемлекеттік кәсіпорын бәсекелестік ортаға шығарылды. Тізімге мемлекеттің үлесі бар тау-кен металлургиясы, мұнай өңдеу, энергетика, көлік және байланыс саласындағы кәсіпорындар, инфрақұрылым нысандары енгізілген. Сауд Арабиясы компанияларының осы жекешелендіру шарасына қатысуын қолдаймыз», - деді Қазақстан Президенті. Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына және келер жылы «Болашақтың энергиясы» тақырыбы бойынша өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне тоқталды. Сауд Арабиясы бизнес құрылымдарының жетекшілері Қазақстанда жасалып жатқан қолайлы инвестициялық жағдай үшін Мемлекет басшысына алғыс білдіріп, ынтымақтастықты дамытуға дайын екендіктерін жеткізді. Атап айтқанда, олар ауыл шаруашылығы, мұнай өңдеу, металлургия және атом энергетикасы салаларына қызығушылық танытты. Соңында Қазақстан Президенті өзара тиімді серіктестіктің жаңа мүмкіндіктері жасала беретінін және оның перспективасына сенімді екенін айтып, Сауд Арабиясы бизнесінің «капитандарына» табыс тіледі.

Дереккөз: 24.kz

Елбасы 24-25 қазанда ресми сапармен Сауд Арабиясы Корольдігінде болады

Қазақстан Президенті 24-25 қазанда ресми сапармен Сауд Арабиясы Корольдігінде болады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Сапар аясында Корольдіктің мемлекет қайраткерлерімен және іскер топтар жетекшілерімен бірқатар кездесу өтеді деп жоспарлануда.   Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Саудпен, тақ мұрагері, премьер-министрдің бірінші орынбасары, Сауд Арабиясының ішкі істер министрі Мұхаммед бен Наиф Әл Саудпен, тақ мұрагерінің ізбасары, премьер-министрдің екінші орынбасары, Сауд Арабиясының қорғаныс министрі Мұхаммед бен Салманмен, сондай-ақ Ислам даму банкінің жаңадан тағайындалған президенті Бандар бен Мухаммад Хаджармен кездеседі.

Дереккөз: 24.kz

Руслан Күлікбаевтың ісі бойынша негізгі сот отырысы басталды

Алматыда теракт жасаған күдікті Руслан Күлікбаевтың ісі бойынша негізгі сот отырысының бірінші күні басталды, деп хабарлайды меншікті тілшіміз. Күлікбаевпен қоса, тағы бес күдікті: Рафик Лю, Жасұлан Сапарбеков, Ербол Құсайынов, Даурен Әсембекұлы, Нұрсұлтан Әбдімомын да сот алдында жауап береді. Бірақ, осы соңғы бес адамның адвокаттарының айтуынша, олардың терактқа ешқандай қатысы жоқ. Олар тек Күлікбаевпен бірге бір ұйымдасқан қылмыстық топ (ҰҚТ) құрамында болған. Бұл қылмыстық топ мүшелеріне қару-жарақты заңсыз сақтап, тағынып, кісі тонаумен айналысқан деген айып тағылып отыр. Отырыстың басында өзінің аты аталған кезде орнынан тұрмаған Күлікбаевқа ескерту жасауға тура келді. Мемлекеттік айыптаушылардың істің жәй-жапсарын оқу барысы 1,5 сағатқа созылды. Руслан Күлікбаев теракт жасағанға дейін ҰҚТ құрамында кәсіпкер В.Мещеряковқа шабуыл жасаған. Мұнан өзге, ол «жезөкшені өлтірді, тағы бір әйелді ұрлады және көлікті айдап әкетті» деп айыпталып отыр. Күлікбаевтың теракт жасағанын қоспағанда, осы қылмыстары үшін сот оны өмір бойы бас бостандығынан айыруы мүмкін екен.  Қылмыстық іс бойынша сотқа барлығы 20 жәбірленуші, 72 куәгер қатысып отыр.

Дереккөз: 24.kz

Ақорда Елбасының БҰҰ мінберінен жасаған алғашқы баяндамасының бейнежазбасын жариялады

24 қазан – Біріккен ұлттар ұйымының күні. Бұл күн 1948 жылдан бастап БҰҰ күні деп аталып өтіледі. 1945 жылы дәл осы күні БҰҰ Жарғысы күшіне енген болатын. 1992 жылы 5 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет БҰҰ мінберінен сөз сөйледі. Өз сөзінде Елбасы Ұйымға мүше елдермен ынтымақтастықты дамыту және маңызды аймақтық мәселелерді шешу үшін Азиядағы өзара сенімділік шарасы бойынша жалпыазиялық диалог форумын ұйымдастыру мақсатында кеңес өткізу идеясын алға тартқан болатын. 

Дереккөз:24.kz

Қазақстан Президентінің CNBC Arabia телеарнасына берген сұхбаты

Қазақстан Президенті CNBC Arabia телеарнасына сұхбат берді. Әңгіме барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның алдағы кезеңде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше болуына, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану саласындағы жұмсаған күш-жігеріне байланысты сұрақтарға жауап беріп, республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде айтты. Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Сириядағы қақтығысты реттеуге қатысты өз пікірін білдірді.  Араб әлемі елдеріндегі хабар таратушы ірі компанияның бірі болып саналатын CNBC Arabia – қаржы-экономика тақырыбына бейімделген, өңірлік және халықаралық ауқымдағы басты оқиғаларды жариялап-көрсетуге маманданған телеарна.

Дереккөз: 24.kz

Мемлекет басшысы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловты қабылдады

Мемлекет басшысы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловты қабылдады.Кездесу барысында Елбасы жаңа министрліктің алдына қойылған міндеттердің маңыздылығына тоқталып өтті. Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев жаңа технологияны қолдану арқылы өндірілетін қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі өніміне деген сұранысты қамтамасыз ету үшін отандық кәсіпорындар өз мүмкіндіктерін барынша пайдалану қажеттігіне назар аударды.  Б.Атамқұлов министрлікте жүргізіліп жатқан кешенді ұйымдастырушылық іс-шаралардың аяқталуға таяғаны жөнінде хабардар етті. Сондай-ақ, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Мемлекет басшысына азаматтық салада қолдануға жарамды өнім шығаруға мультипликативтік әсер беретін аэроғарыш саласын дамытудың, қорғаныс кешенінің өндіріс қуатын арттырудың перспективасы туралы баяндады. Нұрсұлтан Назарбаев кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. 

Дереккөз: 24.kz

«Ақ бұлақ» бағдарламасына келер жылы 53 млрд теңге бөлінеді

Елді мекендердің тең жартысында таза ауыз су жоқ. 1 қазаңдағы жағдай бойынша бар болғаны 3 мың 616 ауыл ғана орталық су жүйесімен қамтылған. Қалған аумақтарда арзан орталық су жүйесін тарту, су бұру жүйелерін құру үшін халық саны жеткіліксіз. Нәтижесінде еліміздің басым бөлігінде тұрғындар тығырықтан шығудың жолын өздерінше табады. Үкімет отырысында сөз алған ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев «Ақ бұлақ» бағдарламасы іске асқалы орталық су жүйесімен қамту қалаларда 5 пайызға, ауылдарда 9 пайызға өскенін айтты. Бұл көрсеткіштерді еселеу үшін келер жылы аталған мемлекеттік бағдарлама шеңберіндегі жобаларға республикалық бюджеттен 53 млрд тенге қаржы бөлінеді. Құзырлы орган ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау проблемасын шешу үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қатынасын енгізуді және облыс орталықтары мен ірі қалалардағы өңірлік су арналарын бірыңғай операторға беруді ұсынды.

Дереккөз: 24.kz

Мемлекет басшысы Қорғаныс министрін қабылдады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақовты қабылдады. Кездесу барысында министр Мемлекет басшысына Қарулы күштердің дайындығын баяндады. Президент жаңадан құрылған Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрілігімен тығыз байланыс орнатудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар Сәкен Жасұзақов Қарулы күштердегі тексерістің оң қорытындыларына тоқталды. Кездесу соңында Елбасы нақты тапсырмалар берді.

Дереккөз: 24.kz

Елбасы Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Эрлан Абдылдаевпен кездесті

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Эрлан Абдылдаевпен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. Кездесу барысында Қазақстан мен Қырғызстанның өзара іс-қимылының басты бағыттары және екі елдің бірлескен жұмысының алдағы перспективалы салалары талқыланды. Бұдан бөлек тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттар жөнінде пікір алмасты. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Қырғызстанды тарихи достық және тығыз ынтымақтастық байланыстырып отырғанын атап өтті. «Елдеріңіз біздің жақын көршіміз әрі серіктесіміз болып саналады. Арамызда ешқандай шешілмеген мәселе болмауға тиіс және қарым-қатынасымыз басқаларға үлгі болуы керек. Әлемдегі күрделі экономикалық және саяси ахуалды ескере отырып, бірге болуымыз қажет», - деді Қазақстан Президенті. Э.Абдылдаев Қырғызстан Президенті А.Атамбаевтың сәлемін жеткізіп, екіжақты ынтымақтастықтың одан ары нығая беретініне сенім білдірді.

Дереккөз: 24.kz

Елбасыға елорданың дамуы баяндалды

Елбасыға бүгін елорда әкімі Әсет Исекешев те есеп берді. Шаһар басшысы Президентке Астананың 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижесімен таныстырып, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына қатысты қаланың дайындығын паш етті. Бұл ретте халықаралық ЕХРО-2017 көрмесінің аяқ алысы да әңгімеге арқау болды. Исекешев негізінен әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына басымдық берді. Осы орайда Президент негізгі нысандар уақтылы тапсырылып, құрылыс сапасы жіті қадағалануын қатаң тапсырды. 

Дереккөз: 24.kz

Қазақстан Президенті Антониу Гутерришті БҰҰ-ның Бас хатшысы лауазымына сайлануымен құттықтады

Нұрсұлтан Назарбаев Антониу Гутерришке Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы лауазымына сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады. Жеделхатта дауыс беру нәтижелері ұйымға мүше елдердің А.Гутерришке деген зор сенімін көрсеткені атап өтілген.   «Бүгінде біздің алдымызда тұрған елеулі сын-қатерлерді ескерсек, бұл сенім вотумының маңыздылығы ерекше. Терроризм және экстремизмге қарсы күресу, Орталық Азия мен Ауғанстандағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ ядролық қаруды таратпау – БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретіндегі Қазақстанның қызметінің басты мәселелері. Бұл бағытта белсенді түрде жемісті ынтымақтастық орнатамыз деп үміттенемін», – делінген жеделхатта. Соңында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев А.Гутерришке жауапты қызметінде табыс тілеп, еліміздің БҰҰ-мен тиімді өзара іс-қимылы одан әрі жалғаса беретініне сенім білдірді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. 

Дереккөз:24.kz

Елбасы Бас прокурор Жақып Асановты қабылдады

Елбасы Бас прокурор Жақып Асановты қабылдады. Кездесу барысында Ж.Асанов Мемлекет басшысына құқық қорғау органдарының жұмысы жөнінде мәлімдеп, «100 нақты қадам» ұлт жоспарын іске асыру жолындағы тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндады. Қазақстан Президенті заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ ел тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.  

Дереккөз24.kz

Қашаған мұнайының алғашқы партиясы экспортқа шығарылды

Каспийлік құбыр консорциумы (КҚК) іске қосу-баптау шеңберінде жүргізілген жұмыстар кезінде Қашаған кен орнынан шамамен 7 700 тонна экспортқа шығарылатын мұнайдың бірінші партиясын жөнелтті. Сонымен қатар, «ҚазТрансОйл» АҚ құбырлық жүйесіне 18 800 тонна экспортқа шығарылатын мұнайдың партиясы жөнелтілді, ал «Интергаз Центральная Азия» АҚ магистральді жүйесіне 22,8 млн. текше метр тауарлық газ берілді. 2016 жылдың 28 қыркүйегінде Солтүстік Каспий консорциумы теңіздегі және жер үсті кешеніндегі жабдықтарды тестілеу және іске қосу-баптау жұмыстарына кірісті. «А» аралының бірнеше ұңғымалары ашылды. Теңіз кешені жабдығының жұмысын тұрақтандырған соң, мұнай және газ «Болашақ» зауытына келіп түсті. Қазіргі уақытта теңіздегі және жер үсті кешеніндегі жабдықтарды іске қосу-баптау, бақылау-өлшеу аспаптарын және технологиялық процестерді басқарудың автоматты жүйелерін тестілеу жалғастырылуда. Тұрақты жұмыс режиміне шығу біршама уақытты қажет етеді. 

Дереккөз: 24.kz

Биыл ауыл шаруашылығына қосымша 42,9 млрд теңге бөлінеді

Биыл ауыл шаруашылығын қолдауға қосымша 42,9 млрд теңге бөлінеді. Соның 30,2 млрд теңгесі асылтұқымды мал шаруашылығы мен өнім сапасын жақсартуға бағытталады. Сонымен қатар инвестициалық салым кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін субсидиялау бойынша бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен қосымша 12,7 млрд теңге бөлу мәселесі де шешімін тапты. Мұндай сома Ауыл шаруашылығы министрлігі мен өңірлер арасында өткен кеңес кезінде аймақтар тарапынан түсіпті. «ҚазАгро» тарапынан келетін несиелердің де шаруаларға ауыр тиетіні айтылып, мамандар 6-9 пайыздық сыйақы мөлшерлемесі келесі жылдан бастап тағы 1,5%-ға азаятынын жеткізді. Сала мамандарының сөзіне сенсек, күзгі жиын-терімге бөлінген жанар-жағармай мәселесі толық шешілді. Нұрболат Мақашев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Стратегия және талдау басқармасының басшысы: - Үкіметтен 392 мың тонна жеңілдетілген жанармай бөлінді. Енді бөлінген жанар-жағармай бүгінгі күні толықтай жүзеге асырылды. Сонымен қатар ауа райына байланысты ылғалды астықты құрғату үшін осы қазан, қараша айларында 74400 тонна жанармай орташа бағамен берілу көзделіп отыр.

Дереккөз: 24.kz

Алматыдағы лаңкестік шабуылға қатысты тергеу аяқталды

18 шілдеде Алматы қаласында болған лаңкестік шабуылға қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Тергеу тобы 57 сараптама-зерттеу жұмысын жүргізіп, 200-ден астам куәгер сұралды. Руслан Күлекбаев лаңкестік әрекет жасап, кісі өлтіргені үшін айыпталып отыр. Сонымен қатар заңсыз қару иелену мен кәсіпкерге қарақшылық жасағаны үшін оның сыбайласы ретінде тағы 5 күдіктінің ісі сотқа берілді. Айта кетейік, Руслан Күлекбаев террорлық әрекет жасап, 8 тәртіп сақшысы мен 2 арнайы қызмет және 3 бейбіт тұрғынның өмірін қиған.

Дереккөз: 24.kz

Дело о теракте в Алматы передано в суд

Следственная группа провела 57 судебных экспертиз и исследований, допросила более 200 свидетелей и очевидцев. Основные обвинения в 60-ти томах уголовного дела предъявлены гражданину Кулекбаеву. Ему инкриминируют совершение террористического акта. По версии следствия, обвиняемый убил 8 сотрудников правоохранительных и специальных органов, двух горожан, а также покушался ещё на трёх человек. Вместе с Кулекбаевым суду переданы еще 5 человек  - Сапарбеков, Лю, Асембекулы, Кусайнов, Әбдімомын. Их обвиняют в незаконном хранении, ношении, приобретении, а также в изготовлении огнестрельного оружия и совершении разбойного нападения на предпринимателя совместно с Кулекбаевым. Дело будет рассматривать специализированный межрайонный суд по уголовным делам Алматы. 

Источник: 24.kz

Елбасы агроөнеркәсіп кешені еңбеккерлеріне құттықтау жолдады

Мемлекет басшысы астық жинау науқанының аяқталуына байланысты еліміздің агроөнеркәсіп кешені еңбеккерлеріне құттықтау жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. «Қазақстанда жиын-терін науқаны аяқталып келеді. Бұл – ауыл еңбеккерлері, агроөнеркәсіп кешені және бүкіл еліміз үшін азық-түлік қауіпсіздігінің деңгейін айқын көрсететін аса маңызды оқиға. Биылғы науқан нәтижесін Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тамаша тарту деп бағалауға болады. Өйткені, бұл жолы жиналған астық мөлшері – осы кезеңдегі ең ірі жетістіктің бірі. Астықтың жалпы көлемі 23 миллион тоннадан асты, бұл – былтырғыдан бір жарым еседей артық көрсеткіш. Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының диқандары 5 миллион тоннадан астам астық алды. Қарағанды облысында миллион тоннадан астам астық жиналып, бұрын-соңды болмаған көрсеткішке қол жеткізілді. Ауыл шаруашылығы саласындағы өзге дәнді дақылдар бойынша да жиын-терін науқанының нәтижелері көңіл қуантып отыр. Қызылорда облысында күріштен рекордтық өнім алынды. Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында көкөніс пен бау-бақша дақылдарының өнімділігі едәуір артты. Майлы дақылдар көлемі 1,2 есе ұлғайып, соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетеді деп болжануда. Осының барлығы мейлінше мол тер төгуді, ұдайы қамқорлықты, зор қажырлылықты, білім мен тәжірибені талап ететін саланың бірі – егін шаруашылығының табысты дамып келе жатқанын даусыз дәлелдейді. Бұл саладағы азаматтардың бәрін құттықтап, бірден жеміс бере қоймайтын жер төсіндегі бейнетті еңбектері үшін зор алғыс білдіремін. Өткен ширек ғасыр ішінде ауыл шаруашылығының қалай өркендегенін, Қазақстанның аграрлық держава ретіндегі өз жағдайын жақсартып қана қоймай, азық-түлік нарығындағы жаңа белестерді игеріп келе жатқанын көріп отырмыз. Осы жылдарда мемлекетіміз агроөнеркәсіп кешеніне жүйелі түрде қолдау көрсетудің тиімді мүмкіндігін тапты. Қазір ол стратегиялық басымдық ретінде қарастырылып отыр. Біз бірлесе күш жұмылдырып, халқымыздың өсіп-өркендеуіне септігін тигізетін, туған өлкеміздің шынайы әлеуетін көрсететін ауыл шаруашылығын жаңғыртудамыз. Қазіргі заманда жоғары технологиялы қуатты агроөнеркәсіп кешені елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өлшемі болып саналады. Біз Қазақстанда диқандардың адал еңбегі барынша бағаланып, ауыл шаруашылығы инвестицияға қолайлы, жаңа жобаларға, жастарымыздың күш-қуатына өріс ашатын перспективалы салаға айналуы үшін барлық жағдайды жасаймыз», делінген құттықтауда.

Дереккөз: 24.kz

Қашағаннан алғашқы мұнай алынды – Энергетика министрлігі

ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев ҚР Парламенті Мәжілісіндегі пленарлық отырыстан кейін Қашаған кен орнынан «ҚазТрансОйл» резервіне мұнай жіберіле бастағанын хабарлады. «Қашағанда бәрі ретімен жүргізіліп жатыр. Өндіру басталып қана қойған жоқ, мен бүгін төрт ұңғымада өндіріс жүріп жатқанын көрдім, тәулігіне 90 мың баррельдей болып қалатын көрсеткіш бар», - деді министр. Қ.Бозымбаев, сондай-ақ «Болашақ» мұнай өңдеу зауытының да жұмыс істеп тұрғандығын айтты. «Болашақ» жұмыс істеп тұр. Оны қалпына келтіру жалғасып жатыр, себебі қондырғының барлық түрі әлі жүктеліп жатыр. Бірақ сауда мұнайы Болашақ зауытынан шықты, тазартылған және бүгінгі күні «ҚазТрансОйл» резервіне құйылып жатыр», - деді Қ. Бозымбаев. Министрдің айтуынша, енді мұнай кезең-кезеңімен «ҚазТрансОйл» резервтерінде жиналатын болады, және алдағы уақытта оператор алғашқы экспорттық келісімшарттар туралы хабарлайды.

Дереккөз: 24.kz

2017 жылы Қазақстанда зейнетақы мөлшері 9%-ға өседі

Қазақстандағы базалық зейнетақы мөлшері 12 802 теңгені құрайды. Бұл туралы ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов ҚР Парламенті Мәжілісіндегі отырыс барысында мәлімдеді. «2017 жылы зейнетақы мөлшерi 9%-ға артады. Осының негiзiнде базалық зейнетақы мөлшерi 12 802 теңгенi құрайды. Базалық зейнетақы мен негiзгi зейнетақыны қосқан кезде оның мөлшерi 60 мың 167 теңгенi құрайтын болады», - деп мәлімдеді вице-министр. Оның айтуынша, барлық әлеуметтiк жәрдемақылардың мөлшерi 2017 жылдың қаңтар айынан бастап 7%-ға артады. Бұдан өзге, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күнкөріс минимумының мөлшерін әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа шарттарына келтіру мақсатында әлеуметтік даму тұжырымдамасын жүзеге асыру жоспарланған. «Күнкөріс деңгейінің ең төменгі көрсеткішін есептеу әдісін қайта қарау қарастырылып жатыр, ол бірінші кезеңде көрсеткішті азық-түліктік және азық-түліктік емес тұрғыдағы ара салмақты өзгерту арқылы күнкөріс минимумының құрылымын өзгертуді көздейді. Аталмыш өзгерістерді жүзеге асыру үшін  әлеуметтік төлемдерге қосымша қаражат бөлу қарастырылған. Бұл базалық зейнетақы, қамқоршысынан айырылуына байланысты жәрдемақы төлемдері және басқалары ол 2018 жылға - 63 млрд теңге, 2019 жылы - 88 млрд теңге», - деп түсіндірді Б.Нұрымбетов.

Дереккөз:24.kz

Елбасы Өзбекстан Республикасы Президентінің міндетін атқарушы Ш.Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Республикасы Президентінің міндетін атқарушы Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері, сондай-ақ жоғары деңгейдегі келіссөздер нәтижесінде қол жеткен келісімдердің жүзеге асырылу барысы талқыланды. Тараптар екіжақты үкіметаралық қарым-қатынас деңгейіне оң баға беріп, Қазақстан мен Өзбекстан ынтымақтастығын артыра түсуге мүдделі екенін жеткізді. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер де назардан тыс қалған жоқ.

Дереккөз:24.kz

Бақытжан Сағынтаев Үкімет үйінде кездесу өткізді

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының жанындағы Бәсекеге қабілеттілік жөніндегі кеңестің және Экономика және қаржы жөніндегі сарапшылар кеңесінің мүшелерімен кездесті. Бұл туралы еліміздің Премьер-министрінің ресми сайты хабарлайды.

Дереккөз: 24.kz

Елімізде табиғи газ бен түсті металл кендерінің өндірісі өсті

Қазақстанда өнеркәсіптік өнімдердің нақты көлем индексі 98% құрады.  «2016 жылғы қаңтар-қыркүйекте 2015 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда табиғи газ және түсті металл кендерінің өндірісі өсті. Азық-түлік өнімдерінің, фармацевтика және металлургия өнеркәсібі өнімдерінің өндірісі жоғарылады», - деп хабарлады ҚР ҰЭМ-де. Ведомствоның мәлімдеуінше, өнеркәсіптік өнімдердің өндіріс көлемінің өсуі республиканың 9 өңірінде байқалды. «Сонымен бірге, шикі мұнай, көмір және темір кендерінің өндірісі төмендеді. Сусындардың өндірісі, темекі өнімдері мен автокөлік құралдарын жасау өндірісі қысқарды», - деп мәлімдеді министрлікте. Бұл туралы еліміздің Премьер-министрінің ресми сайты мәлімдейді.

Дереккөз: 24.kz

Елбасы шетелдік мемлекет елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады

«Ядролық қарусыздандыру мен қауіпсіздікке қосқан үлесі үшін» Қазақстанның халықаралық сыйлығы тағайындалды. Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде дипломатиялық қызметке кіріскен 8 елшіден сенім гармотоларын қабылдау рәсімінде осындай шешім қабылдағанын жеткізді. Тұңғыш Сыйлық Иордания королі Абдалла II-ге беріледі. Ал келер жылы арнайы комитет құрылып, жыл сайын Семей ядролық полигоны жабылған 29 тамыз күні марапат табысталатын болады. Осындай жағымды жаңалықпен бөлісе отырып, Мемлекет басшысы елшілерге табыс тіледі. Олардың дипломатиялық қызметі ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанын айтты. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретінде Орталық Азиядағы маңызды түйткілдерді көтеретінін жеткізді. Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: - Біздің еліміз бұл мерекелік межеге қандай нәтижелермен келгенін өздеріңіз біледі деп сенемін. Қазақстан ширек ғасырда дамудың ең күрделі кезеңдерінен өтіп келе жатыр. Қол жеткізген жетістіктермен шектелмей, ел іргесін бекемдеу үшін келесі кезеңге арналған жаңа мақсат, міндет, бағдарламаларды біз қабылдадық. Біздің ел сындарлы және бейбіт бастамалар үйлесімді көп жақты сыртқы саясат арқылы халықаралық аренада істеп жатқан әрекеттердің барлығы сізге белгілі деп санаймын. Бұған Қазақстанның 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болып сайлануы дәлел болады. Біз Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде әлем назарын өз өңірімізге аударып, Орталық Азия аймағы үшін өзекті мәселелерді көтеретін боламыз. Осы жолда сіздердің елдеріңізден қолдау табатынымызға сенемін. Ал елімізде дипломатиялық міндетіне кіріскен 8 мемлекеттің елшілері Елбасыға аянбай еңбек ететіндерін жеткізді. Нұрсұлтан Назарбаев әр елмен ынтымақтастықтың басым бағыттарына тоқталып, дипломаттарға екі жақты қарым-қатынасты одан әрі бекемдей түсу қажеттігін айтты. Рольф Мафаэль, Германияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі: - Қазақстан - Еуразия аймағындағы тұрақтылықтың айқын көрінісі. Бұл ретте Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруға тыйым салып, сынақтардан бас тарту бастамасы өз жемісін беріп отыр. Енді «Ядролық қарусыздандыру мен қауіпсіздікке қосқан үлесі үшін» сыйлығын тағайындап отырсыздар. Бұл әлемде бейбітшілікті сақтауға бағытталған өте орынды бастама. Итиро Кавабата, Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі: - Менің дипломатиялық міндетім Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанына өте қуаныштымын. Жапония Қазақстанмен сіздердің елдеріңіз егемендік алған кезден бастап ынтымақтастық орнатқан. Біздің екі жақты қарым-қатынасымыздың әлеуеті жоғары. Мен қолдан келгенше осы мүмкіндіктерді пайдалануға тырысамын.

Дереккөз: 24.kz

Бүгін Үкімет отырысында отандық мұнай сервисін дамыту мәселелері талқыланады

Бүгін Үкімет үйінде Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің селекторлық режимдегі кезекті отырысы өтеді. Отырыста ҚР Үкіметі мүшелері отандық мұнай сервисін дамыту бойынша шараларды, жекешелендіру, мүлікті жария ету бойынша акцияларды өткізу барысын талқылайды және республика бойынша астық жинау жұмыстарын қорытындылайды. Сонымен қатар отырыс қорытындысы бойынша Үкімет мүшелерінің және БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз конференциясы өтеді, деп хабарлайды primeminister.kz.

Дереккөз: 24.kz

ТМД cалықшылары электронды ақпарат алмасуға көшеді

Еліміздегі кәсіпкерлердің 65%-дан астамы банк карточкасы арқылы төлем қабылдайтын пост-терминалдар орнатты. Бұл туралы Алматыда өткен ТМД елдері салық органдары басшыларының үйлестіру кеңесінде Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин мәлімдеді. Сондай-ақ, ТМД елдерінің Бас салықшылары көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға арналған тағы бір маңызды құжаттың жобасына қол қойды. Енді келесі жылдан бастап достастық елдерінің салықшылары электронды ақпарат алмасу жүйесіне көшеді. Яғни қағазбастылық болмайды. Дәулет Ерғожин, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы: - Бұл жұмыс сапасын жақсартып, Қосымша құн салығын тездетіп қайтаруға мүмкіндік береді. Өйткені, экспорт және импорт жөніндегі мәліметтер тез өңделетін болады. Сонымен қатар, тексерулерге де қатысы бар. Халықаралық келісімшарттардың негізінде салық төлеушілердің тауар құнын қаншалықты арзан немесе қымбат көрсеткенін анықтау жеңілдейді. 

Дереккөз:24.kz

«2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді

Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. Мемлекет басшысы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының макроэкономикалық көрсеткіштерін нақтылауға бағаланған «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады. 

Дереккөз:24.kz

«ҚР Ұлттық қорынан 2016-2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заңға өзгеріс енгізілді

Мемлекет басшысы 2016 жылға арналған кепілдендірілген трансферт көлемін түзетуге бағытталған «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2016-2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

Дереккөз: http://24.kz

«ҚР Ұлттық қорынан 2016-2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заңға өзгеріс енгізілді

Мемлекет басшысы 2016 жылға арналған кепілдендірілген трансферт көлемін түзетуге бағытталған «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2016-2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.  

Дереккөз: 24.kz

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі тағайындалды

Мемлекет басшысының Жарлығымен Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. Ж.Түймебаев осыған дейін Түркия республикасындағы Төтенше және өкілетті елші қызметін атқарды. «Ж.Қ.Түймебаевты Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне тағайындау туралы» Жарлық Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Түрік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен, Қазақстан Республикасының Албания Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарудан босатылсын.  

Қазақстан Республикасының                   

 Президенті                                          Н.Назарбаев 

Астана, Ақорда, 2016 жылғы 7 қазан                   

№353

 

Жеке анықтама Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы (1958 жыл 8 шілде) – ҚР мемлекеттік қайраткері, дипломат, Қазақстан Республикасының Түркиядағы және Албаниядағы елшісі, ТМД мүше мемлекеттер мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының бірінші басқарма төрағасы. Ғылым және білім беру қызметімен айналысқан. Ассистент, аға оқытушы, ҚазМУ доценті болып қызмет атқарған. Филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі бар. 1993 жылдан бастап – ҚР Сыртқы істер министрлігі жүйесінде қызмет атқарған. Бірінші хатшы, бөлім меңгерушісі болған. Кейін Түркиядағы ҚР Елшілігінде қызмет атқарған. Стамбулдағы Қазақстан Республикасының консулдық басшысы болып тағайындалған. 1999 жылдан бастап - Қазақстан Республикасы Президенті Хаттамасының басшысы. 2004 жылдан бастап – ҚР Президентінің кеңесшісі – ҚР Президенті Хаттамасының басшысы. 2006 жылдың 1 ақпанынан – Ресей Федерациясындағы ҚР төтенше және өкілетті елшісі. 2007 жылдың 19 қаңтарынан – ҚР Білім және ғылым министрі. 2010 жылдың 7 қазанынан Түркиядағы ҚР төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалған. 2011 жылдың 3 наурызынан Албаниядағы Қазақстан Республикасы төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарған.

Дереккөз:24.kz

Б.Атамқұлов ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып тағайындалды

Мемлекет басшысының Жарлығымен Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов Қазақстан Республикасының ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің лауазымына тағайындалды. Бейбіт Бәкірұлы осыған дейін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарды. Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі кеше Елбасының Жарлығымен құрылған болатын. Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және оның тиімділігін арттыру үшін жаңа ведомствоға қорғаныс өнеркәсібі, ғарыш саласы мен жұмылдыру даярлығы, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту қызметі біріктірілді. Сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы функциялар мен өкілеттіктер берілген. «Б.Б.Атамкұловты Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметіне тағайындау туралы» Жарлық Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып тағайындалсын, ол Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметінен босатылсын. Қазақстан Республикасының Президенті                                                      Н.Назарбаев Астана, Акорда, 2016 жылғы 7 қазан № 352

Дереккөз: 24.kz

Елімізде қару-жарақ айналымына арнайы мемлекеттік бақылау енгізіледі

Нұрлан Нығматулин, Марат Қалқабаев, жаңа заң, мәжіліс, үкімет, Бүгін Мәжілісте терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимылды күшейтуге арналған жаңа заң жобасының тұжырымдамасы мақұлданды. Сондай-ақ қолданыстағы көші-қон ережесін жетілдіру жайы да қозғалды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұсынған құқықтық құжат бойынша өзге қалаға көшіп барған азамат жергілікті органға міндетті түрде тіркелуі керек. Бұл талап 10 күннің ішінде орындалмаса, алдымен ескерту беріліп, кейін айыппұл салынады. Сонымен қатар қару-жарақ сатушы дүкендерге талап күшейтіледі. Күзет қызметін жүзеге асыру ісіне де ерекше бақылау енгізіледі. Бірақ депутаттар заң жобасының кейбір нормалары талапқа сай емес екенін ашық айтты. Бұл ретте Нұрлан Нығматулин кемшілікті түзеп, оларды екінші оқылымға дейін жан-жақты жетілдіруді тапсырды. Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы: - Осыған байланысты Үкімет аталған заң жобасын әзірлеп, оны талқылауға депутаттар бірге бүкіл қоғам қатысып, өз қолдауын көрсетті. Марат Қалқабаев, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары: - Заң бойынша қазір бар. Адам көшіп барса, басқа жерге, 10 күннің ішінде тіркелу керек. Біз тек қана күшейтіп жатырмыз. Жауапкершілікті күшейтіп жатырмыз. Тіркелмесе, айыппұл саламыз. Алдымен ескерту болады. Жаңа бірдеме келіп жатқан жоқ. Тек қана жауапкершілікті күшейтіп жатырмыз. Айыппұлды үлкейтіп жатырмыз. Бүгін концепция туралы ғана шешім қабылданды. Енді екінші оқылымға дейін бәрі нақты кіргізіледі. 

24.kz

Елордада «Чемпиондар аллеясы» пайда болды

Бүгін Олимпиада және Паралимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері «Ғашықтар саябағында» шырша отырғызып, қаланы көгалдандыруға өз үлестерін қосты. «Чемпиондар аллеясының» дәл осы саябақта орын тебуі кездейсоқ емес. «Ғашықтар саябағы» қала тұрғындары мен қонақтарының бой сергітетін сүйікті орындарының бірі. Аталған аллеяға алғашқылардың бірі болып тал отырғызған спортшылардың қатарында Данияр Елеусінов, Әділбек Ниязымбетов, Гүзель Манюрова, Карина Горичева, Зульфия Ғабидуллина, Раушан Қойшыбаева сынды Риодағы Олимпиада және Паралимпиада ойындарында ел абыройын асырған саңлақтар болды. Астана қаласының әкімдігі мен Ұлттық Олимпиадалық комиттеттің ұйытқы болуымен өткен игі шараға Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров бастаған бір топ ел спортының мақтаныштары атсалысты. Жақсылық Үшкемпіров, Олимпиада чемпионы: - Қазақта сөз бар. Бір тал қырықсаң, екі тал ек деген қазақта сөз бар. Сондықтан да ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, өсіп-өну үшін осындай ырымды жасауымыз керек. Астана қаласы әкімшілігі мен конфедерация мүшелеріне, бүкіл спорт қауымына осыны ұйымдастырғаны үшін алғысымды білдіремін.

24.kz

Қ.Бишімбаев: «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жылдық жоспардың 53% игерілді

«Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы соңғы жылдар ішінде Қазақстанның экономикалық өсімінің және жұмыспен қамтудың негізгі локомотивтерінің біріне айналды. Бұл туралы Үкімет отырысы кезінде ҚР ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлімдеді. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы экономикалық өсім мен жұмыспен қамтудың негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналды. Мәселен, 2015 жылы мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылу тиімділігі ЖІӨ өсімінде 1,3% құрады, ал ағымдағы жылы 1,2% деңгейінде бағаланып отыр. 2016 жылы Ұлттық қордан бағдарламаны жүзеге асыруға 769,6 млрд теңге бөлінген, оның ішінде 503,4 млрд теңге мақсатты трансферттер түрінде республикалық бюджетке және 266,2 млрд теңге ұлттық холдингтердің облигациялық займдары арқылы қарастырылған», – деді Қ.Бишімбаев. Министр қаржыландыру жоспарына сәйкес, мақсатты трансферттер бойынша 331 млрд теңгеден бюджеттік бағдарламалар әкімшілері 323,6 млрд теңгені немесе 98%-ын игергенін атап өтті. Облигациялық займдар бойынша 2016 жылға қарастырылған 266,2 млрд теңгеден 210,7 млрд теңге сомасына келісімшарттар жасалып, 84,7 млрд теңгесі игерілген. «Жалпы мемлекеттік бағдарлама бойынша 408,3 млрд теңге немесе жылдық жоспардың 53% игерілді», – деп атап өтті Қ.Бишімбаев.

24.kz

«Болашақ» бағдарламасы: үміткерлерге қойылған 2 жылдық еңбек өтілі туралы талап алынып тасталды

Қазақстан Үкіметінің сәйкес қаулысы 2016 жылғы 4 қазаннан бастап күшіне енді. Қаулыға сәйкес «Болашақ» бағдарламасында «өз бетінше түскендер» санаты бойынша үміткерлер үшін екі жыл жұмыс өтілінің болуы туралы талап алынып тасталды. «Осылайша, екі жыл жұмыс өтілі жоқ, «өз бетінше түскендер» санаты бойынша үміткерлер «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттар тапсыруға құқылы», - деп түсіндірді Халықаралық бағдарламалар орталығында. Бұған қоса, осы қаулыда үміткерлердің барлық санаттары бойынша «Болашақ» стипендиясы шеңберінде шетелде академиялық оқу немесе тағылымдамадан өту қорытындысы бойынша одан әрі үзіліссіз үш немесе бес жыл: - өз бетімен түскендер үшін – Қазақстан Республикасының ұйымдарында не жарғылық капиталдағы қатысу үлесі Қазақстан Республикасына не ұлттық компанияларға тиесілі Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан ұйымдарда; - ғылыми-педагог қызметкерлер, инженерлік-техникалық қызметкерлер, тағылымдамаға үміткерлер, мәдениет қызметкерлері, шығармашылық қызметкерлер, бұқаралық ақпарат құралдары редакциясының қызметкерлері үшін – саланың басқа ұйымдарында не жіберетін ұйымның негізгі қызметіне ұқсас қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда; - мемлекеттік қызметшілер үшін – Республикалық комиссияның шешімі бойынша, бос жұмыс орындары болған жағдайда – Қазақстан Республикасының ұйымдарында, сондай-ақ акциялары немесе жарғылық капиталдағы қатысу үлесі Қазақстан Республикасына не ұлттық компанияларға тиесілі Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі ұйымдарда жұмыс істеу мүмкіндігі кеңейтілді, деп жазады primeminister.kz.

24.kz

Н.Назарбаев: Ресей Федерациясы – еліміздің стратегиялық одақтасы және маңызды сауда-экономикалық серіктесі

Қазақстан мен Ресей мемлекеттік органдарының, квазимемлекеттік сектор мен іскерлік ортаның 1300-ден астам өкілі қатысқан форум барысында инвестиция және сауда-экономика саласындағы екіжақты ынтымақтастық аясын кеңейту жолдары қарастырылды. Қазақстан Президенті өз сөзінде Ресей Федерациясы еліміздің стратегиялық одақтасы және маңызды сауда-экономикалық серіктесі болып саналатынын атап өтті. - Біз кең ауқымды бағыттар бойынша өзара тиімді іскерлік ынтымақтастықты жүзеге асырып келеміз. Оған осы өңіраралық форум да септігін тигізетін болады. Биылғы бірінші жартыжылдықта өзара сауда-саттықтың көлемі 6 миллиард долларға жуықтады. Сонымен қатар, дағдарысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткіштің 30%-ке төмендегені байқалады. Көп жағдайда оның қарқыны бәсеңдеуі сыртқы жаһандық ахуалдарға байланысты болып отыр, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Осы орайда, Мемлекет басшысы екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамытуға серпін беру қажеттігін айтты. - Бізде Ресеймен бірлескен 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс жүргізуде. Мұнай химиясы, тау-кен металлургиясы кешені сияқты көптеген салада екіжақты инвестициялық жобалар іске асырылуда. Қазіргі уақытта бізде құны 20 миллиард доллар болатын 60-тан астам жоба бар. Олардың іске асырылуына қолдау көрсетілетін болады, - деді Қазақстан Президенті. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев өзара іс-қимыл аясын кеңейту үшін айтарлықтай әлеуеттің бар екеніне назар аударды. - Біз Еуразиялық экономикалық одақ аясында жұмыс жүргізіп отырмыз. Еркін сауда жөнінде Вьетнаммен келісімге қол қойылып, осындай келіссөздер Қытаймен, Оңтүстік Кореямен және Сингапурмен жүргізіліп жатыр. ЕурАзЭО-мен ынтымақтасуға Үндістан, Мысыр, Иран, Оңтүстік Шығыс Азия елдері қауымдастығының мүшелері және басқа да елдер ниет білдіруде. Біз мақсатты түрде барлық өндірушілер мен инвесторлар үшін ортақ айқын ережелер қалыптастырудамыз. Қазақстанның экономикасына қаражат құя отырып, Ресей бизнесі мұнда өздерін «үйіндегідей» сезінетін болады. Еуропа мен Азия арасындағы қуатты көлік-логистика инфрақұрылымын қалыптастыру мәселесінде елдеріміздің ортақ мүддесі тоғысып жатыр, - деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті республикадағы инвестициялық ахуалдың жақсарып, экономиканың әртараптандырылуына күш-жігер жұмылдырылып жатқанына назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы жандандыру саласындағы, соның ішінде салық режімін ырықтандыру, ауқымды жекешелендіру ісінің келесі кезеңін жүзеге асыру және Астана мен Алматыда инновациялық екі кластер құру бағытында мемлекет қабылдап отырған шаралар туралы айтып өтті. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы алдағы уақытта «Астана» халықаралық қаржы орталығы ашылып, «ЭКСПО-2017: Болашақтың энергиясы» халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетінін еске салды. Соңында Қазақстан Президенті талқыланып жатқан бастамалардың тиімді іске асырылатынына сенім білдіріп, қатысушыларға табыс тіледі, деп жазады Ақорданың баспасөз қызметі.
24.kz

Жыл аяғына дейін бюджет кірісі артады

Ұлттық қордан бөлінетін трансферт көлемі 450 млрд теңгеге қысқарады. Мұндай мүмкіндік бюджет кірісінің артуынан пайда болып отыр. Бұл жөнінде Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Сенаттағы комитет отырысында мәлімдеді. Яғни ағымдағы жылдың 8 айында жергілікті және республикалық қазынаның толық орындалғаны байқалады. Аталған көрсеткішке қол жеткізуге дағдарысқа қарсы жалпыэкономикалық шаралар мен мұнай бағасының өсуі түрткі болған. Енді қосымша қаржының басым бөлігі ауыл шаруашылығы, индустриалды-инновациялық даму және «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға жұмсалмақ. Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі: - Ағымдағы жылдың кірістері 4 трлн 200 млрд теңге көлемінде жаңадан болжанып отыр. Бұл – 800 млрд теңгеден астам қосымша қаражат. Бұл қаражат келесі бағыттарға жұмсау ұсынылады. 400 млрд теңге кепілдендірілген трансфертті қысқартуға және 54,6 млрд теңге Ұлттық қордан тартылатын нысаналы тренсфертті қысқартуға ұсынып отырмыз.

24.kz

Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 30%-ға төмендеген

Бұған бірқатар ішкі және сыртқы фактор әсер етті. Екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен өткен бизнес-форум барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен әріптесі Владимир Путин серіктестік әлеуетін арттыруға кедергі болған тосқауылдарды жоюды тапсырды. Қазіргі таңда Қазақстанда ресейліктердің қатысуымен 6 мыңнан аса кәсіпорын сәтті жұмыс істеп тұр. Олар мұнай өндіру және өңдеу өнеркәсібі, көлік, байланыс, машина жасау сияқты салаларда табысты қызмет етеді. Президенттер әсіресе көлік-логистикалық әлеуетті арттыруға ден қоюды тапсырды. Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті: - Шынымен де, екі ел арасындағы тауар айналымы біршама төмендеді. Бұған себеп көп. Жаһандық нарықтағы тұрақсыздық, валюта бағамдарының құбылуы мен шикізат бағасының шарықтауы. Бұл барлығына белгілі факторлар. Алайда, бұл күрделі кезеңде тап болған кедергілерге қарамастан, екі елдегі іскерлік қауымдастықтың бірлесе әрекет етуі нәтижесінде біз тауар айналымының тұрақты өсімін қамтамасыз етуге барымызды салатын боламыз. Екі елдің экономикалық серіктестік әлеуетін мейлінше дамытуға, жаңа жобалар санын арттыруға тырысамыз.

24.kz

KASE қорытындысы: 1 доллар = 333,59 теңге

Қор биржасындағы күндізгі сауда-саттықтың нәтижесі бойынша бір доллардың құны 333 теңге 79 тиынды құрады. Ал таңғы және күндізгі сессиялардың қорытындысы бойынша 333 теңге 59 тиынды құрады.

24.kz

Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін алдағы іс-шаралар аңдатпасы

Нұрсұлтан Назарбаев 4 қазанда Астанада өтетін «Еуразия кеңістігінің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту» атты Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығы XIII форумының пленарлық отырысына қатысады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. Іс-шара аясында Қазақстан Президентінің Ресей Федерациясы Президентімен екіжақты кездесуі, сондай-ақ олардың Қазақстан-Ресей бизнес-форумына қатысуы жоспарланып отыр. 

24.kz

Б.Сағынтаев пен Т.Майер Қазақстан мен ЕҚДБ ынтымақтастығы мәселелерін талқылады

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ЕҚДБ басқарушы директоры Томас Майермен кездесті. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің ресми сайты хабарлады. Кездесу барысында тараптар Қазақстанның халықаралық қаржы институты мен денсаулық сақтау, қаржы және ТКШ салалары бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

24.kz

Астанада жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды құрады

Жыл басынан бері Астана қаласының аумағында 12629 жаңа жұмыс орны құрылды, оның 9534-і шағын бизнес саласында. Биыл Жұмыспен қамту орталығы 10 бос орындар жәрмеңкесін өткізді, олардың нәтижесі бойынша 329 адам жұмысқа орналасты. Елордада еліміздегі ең төменгі жұмыссыздық деңгейі сақталып отыр – 4,7%, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. Жұмыспен қамту орталығына 10472 адам жүгінді. Көрсетілген қызметтердің нәтижесінде 6117 адам жұмыспен қамтылды. Соның ішінде 572 адам жастар практикасына қатысты, 111-і әлеуметтік жұмыс орнына жіберілді. Айта кеткен жөн, 381 жас маман жастар практикасынан өтіп, 224 адам немесе 59%-ы жұмысқа орналастырылды. Даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру бағдарламасы аясында 693 жұмыссыз азамат оқу курсын тәмамдады. Қоғамдық жұмыстарға 1801 адам жіберілді. Жалпы алғанда, әлеуметтік қолдау шараларымен 8611 адам немесе жалпы жүгінген адамдардың 82,3%-ы қамтылды.

24.kz

Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебінің құрылғанына 20 жыл толды

Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебінің құрылғанына - 20 жыл. Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен қатар келген айтулы датаға орай бүгін Астанада арнайы форум өтті. Мектептің алғашқы түлектері мен түрлі мемлекеттік қызмет жетекшілері бас қосқан жиында елдің саяси мемлекеттік қызметін жаңғыртудың жолдары мен саладағы ғаламдық трендтер сөз болды. Атап айтсақ, кадр іріктеу, менеджмент пен тұрпатты басқарушыларды даярлау ісін жетілдіруде халықаралық тәжірибелерді ескеру жайы да жан-жақты талқыланды. Әлихан Байменов, Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы төрағасы: - Қазақстан мемлекеттік қызмет саласында аймақтық көшбасшы болып табылады. Оған бір негіз біз әрдайым озық халықаралық тәжірибелерді зерделеп, жақсыларын ендіруге тырыстық. Екіншісі де, әрине, шешуші фактор – ол Елбасының саяси жігері. Біз қазір Қазақстанның мемлекеттік қызмет реформасының үшінші кезеңін жүзеге асырудамыз. Біздің бағалауымызша, Қазақстанда болып жатқан реформалар осы жаҺандық трендттерге сәйкес.

24.kz

ПАЙДАЛЫ СІЛТЕМЕЛЕР

 

120700, Қазақстан Республикасы, Қызылорда облысы, Шиелі кенті, Т.Рысқұлов көшесі №6.

  • Қабылдау бөлмесінің тел: 8 (72432) 4-22-00
  • Хаттар қабылдайтын бөлімнің телефоны:         8 (72432) 4-30-74
  • Факс: 4-28-00
  • E-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.                                   This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

КІРУШІЛЕР ЕСЕБІ

БүгінБүгін1643
КешеКеше1823
Осы аптадаОсы аптада2961
Осы айдаОсы айда44246
БарлығыБарлығы492211
Сіздің IP адресіңіз: 54.162.136.26
Курс доллара США к тенге в Республике Казахстан Курс евро к тенге в Республике Казахстан Курс российского рубля к тенге в Республике Казахстан
ШИЕЛІ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Web Builder интернет-студиясы
Фонның түсі
Тексттің түсі
Қаріптің көлемі
Қаріптің түрі