Страница еще не переведена. Приносим свои извинения за доставленные неудобства...

    «Алтын күз – 2018» мерекесі аясында «Шиелі шежересі» атты Шиелі ауданының 90 жылдық мерейтойына орай шығарылған кітапқа арналған ғылыми-танымдық конференция өтті.

Мерейтойға арналған «Шиелі шежіресі» атты танымдық кітап Қазақстанның мәдениет қайраткері, журналист Ақайдар Ысымұлының құрастыруымен жарыққа шығып, тұсаукесері өткізілді.

Конференцияға облыс әкімінің орынбасары Қожаниязов Серік Салауатұлы, аудан әкімі Әшім Оразбекұлы, жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес Сарай, мемлекет және қоғам қайраткері Жағанова Алтыншаш Қайыржанқызы, ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Досмұхамед Кішібеков, академик, доктор Кішібеков Тимур Досмұхамбетұлы, журналист, қоғам қайраткері Бәкір Әбдіжәлел Қошқарұлы, Қазақ-Түрік Халықаралық университетінің Әлеуметтік ғылымдар фаультеті «Қоғамдық ғылымдар» кафедрасы, ф.ғ.к, доценті Балтагүл Оспанқызы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Мадияр Елеуов, жазушы, журналист, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, жерлесіміз Ақайдар Ысымұлы, еңбек ардагері Бибіжан Жәукебаева және аудан ардагерлері мен зиялылар, жастар қатысты.

Көрнекті жазушы, қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі Ғабит Мүсірепов "Кітап дегеніміз - алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті", - деп бекер айтпаған. Мерейтойлық кітап арқылы Шиелі ауданының тарихы таразыланып, өткені түгенделіп, кейінгі ұрпаққа тарту етілді. Кітап негізінен анықтамалық ретінде, танымдық бағытта құрастырылған. Аты аңызға айналған батырлар мен еңбек ерлері кейінгі ұрпаққа үлгі – өнеге.

Сондай-ақ, Қызылорда қаласының әкімі Н.Нәлібаевтың Шиелі ауданының 90 жылдық мерейтойына және «Алтын күз – 2018» мерекесіне құттықтауын Қызылорда қаласының әкімі аппаратының басшысы А.Есмаханов мерейтойлық құттықтауын жеткізді.

Шиелі өңірі – кешегі қиын қыстау заманда өзінің жанкешті еңбегімен елінің де, өзінің де даңқын шығарған ерен ерліктің үлгісін танытып, есімдері тарих бетінде алтын әріптермен жазылып қалған Мұстафа Шоқай, Ыбырай Жақаев, Шахмардан Есенов, Әбділда Тәжібаев, Нартай Бекежановтардай тарлан саясаткер, даңғайыр диқан, зерделі ғалым, жезтаңдай әнші мен арқалы ақын тәрбиеленген қасиетті топырақ. Сондықтан бұл өлкеде қаймағы бұзылмаған бірліктің, берекелі тірліктің, ынтымақтың, ең бастысы – ерлік рухының болуы әбден заңды.